422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украинада экокөліктерге сұраныс артты

  • 43
  • UPD: 11:57, 12.11.2020

Киевте баламалы қуат көздеріне арналған халықаралық EcoEnergу Expo көрмесі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Индустриялдық іс-шарада «жасыл» энергетика бағыты бойынша тың жобалар ұсынылып, қуат көздері нарығындағы жаңа техникалар таныстырылды.

Карантин Украина қоғамының экоөнімдерге деген көзқарасын өзгертті. Қалада жасыл көліктерді «рент» немесе жалға беру дәстүрі қалыптаса бастады. Тамақ пен тұрмысқа қажетті тауар түрлерін үйге дейін жеткізу қызметіне 80 процентке сұраныс артқан. Вирус өршіп тұрған кезде қоғамдық транспорт түріне отырудан қауіптенетін тұрғындар қолжетімді көлік түрін іздей бастады. Сондықтан украин кәсіпкерлері электр самокаттары мен скутер сияқты шағын көліктерді көптеп өндіре бастаған.

Руслан Бедрик, электр көлігі саласындағы кәсіпкер:

– Карантин кезінде шағын көлікке сұраныс артты. Біз - өндірушілер, тың тәсілдерді қолдануға күш саламыз. Мысалы, мұндай көліктердің қуатын арттырып, жылдамдығын еселегіміз келеді. Мысалы, мына экоскутерде мотоциклдің күші бар. Сағатына 90 шақырым еңсере алады, қуаты мықты.

Халықаралық көрмеде экокөліктерді тиімді қуаттау бағытына да айтарлықтай көңіл бөлінді. Мысалы, бір мезетте бес бірдей жасыл машинаны қуаттай алатын мына бір украиналық мультикомплекстік станцияның мүмкіндігі көп. Ақшаны картамен аударып, көлікті жылдам немесе асықпай зарядтап алуға мүмкіндік жасалған. Құрылғыны кәсіпкер өзіне ыңғайлы жерге орналастыра алады. Көлік иесі жасыл тұлпарын 3 сағатқа 100 грн, яғни 3 долларға қуаттап алып, әрі қарайғы 150 шақырымды еңсере алады.

Әли Реджепов, жасыл жоба саласының маманы:

– Бұл мультикомплекс бір уақытта төрт және бес бірдей электркөлігін қуаттауға мүмкіндік береді. Тұрақты және өзгермелі тоқ түрін ұсына алады. Станция сағатына 60 киловат, 150 ампер тоғын бере алады. Мысалы сыйымдылығы 60 Квт-тық көлік болса, ол бір сағатта толық қуатталады. Мұндай бекеттің құны - 10 мың еуро.

Қуат станциялары өндіріліп, жасыл көліктер Украина жерінде жүйткей бастағанмен, мемлекеттің экокөліктерге жасаған инфрақұрылымы әлі де ақсап жатыр. Таза транспорт түріне берілген арнайы жол не тротуар жоқтың қасы. Сондықтан жасыл көліктер жақын уақытта қоғамдық көліктерге берілген арнайы жолақпен жүруі мүмкін. Бір ай бұрын, Украина ішкі істер министрлігінің қызмет көрсету орталықтары электр көліктерге арналған арнайы үлгідегі нөмірлерді шығара бастады. Олар қарапайым транспорттардан жасыл түсімен және «Z» белгісімен ерекшеленеді.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы