423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еуроодақ вакцина бойынша тағы бір келісімге қол қойды

  • 86
  • UPD: 14:15, 12.11.2020
Еуроодақ вакцина бойынша тағы бір келісімге қол қойды

Еурокомиссия германиялық фармакологиялық «Байонтек» және америкалық Pfizer компаниясымен коронавирусқа қарсы 300 миллионға жуық доза сатып алу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Уағдаластық екпенің барлық сынақтарды аяқтап, қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденген соң жүзеге асырылады. Бұл туралы Еурокомиссияның ресми өкілі Эрик Мамер мәлімдеді. Одақ үшін вакцина аталған компаниялардың Германия мен Бельгиядағы бөлімшелерінде шығарылады. Қос бірлестік реттеуші органдар вакцинаны қолдануға рұқсат берген соң жыл соңына дейін 50 миллион доза шығаруды жоспарлап отыр. Ал келесі жылы 1 миллиард 300 мың доза екпе дайындамақ.

Айта кетейік, бұл – Еуроодақтың коронавирусқа қарсы вакцинаны сатып алу бойынша төртінші келісімшарты. Одақ жаппай 2021 жылдың көктемінен бастап жаппай вакцинациялауды жоспарлап отыр.

Стелла Кириакидес, денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі еурокомиссар:

– Қазір біз Pfizer мен BioNTech компанияларының кезекті сынағының нәтижелерін күтіп отырмыз. Олар дәрі-дәрмек бойынша Еуропалық агенттіктің тексерісінен өтіп, рұқсатын алуы керек. Содан кейін вакцинаны жеткізу мерзімдері анықталады. Еурокомиссия бұл процестердің кешіктірілмеуін қадағалайды. Дегенмен де вакцина дайын болған күннің өзінде, халықтың көп бөлігін егу аяқталмайынша, қауіпсіздік шараларын сақтауымыз қажет.

Хабар 24 телеарнасы