425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы премьер баспасөз мәслихатын өткізді

  • 78
  • UPD: 10:37, 13.11.2020

Қырғызстан премьер-министрі Садыр Жапаров баспасөз маслихатын өткізді. Ол ел президенті қызметін уақытша атқарушы ретінде алғаш рет тілшілердің сұрақтарына жауап берді. Жаңа лауазымдағы болашақ жоспарларымен бөлісті.

Қырғызстанның жаңа премьер-министрі өткізген брифингке жүзден аса тілші қатысты. Ел экономикасын дағдарыстан шығару, инвесторларды қорғау, індеттің екінші толқынына дайындық және сыртқы саясат. Жиында талқыланған басты тақырыптар осы.

Садыр Жапаров, Қырғызстан премьер-министрі:

- Қырғызстан осы күнге дейін жүргізген сыртқы саясатын жалғастырады. Республикамыз қол қойған барлық халықаралық келісімдер мен міндеттемелерді орындаймыз. Ресей, Қытай, Еуропа немесе көрші елдер болсын, әрқайсысымен бірлескен жұмысымызды одан әрі жалғастырамыз. 

Қазір Қырғызстанның сыртқы қарызы 5 миллиард долларға таяп қалған. Ең көбі, бір миллиард 800 миллион доллар соманы Қытайға берешек екен. Тілшілер «осы қарызды жер немесе пайдалы қазбалардың кеніштерімен қайтару жоспарда бар ма» деген сауал қойды. Премьер-министр үзілді-кесілді «жоқ» деп жауап берді. Кеніштерді тек мемлекет игеретінін жеткізді. Президент болып сайланса, осы бағытта жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.      

Садыр Жапаров, Қырғызстан премьер-министрі:

- Президент міндеттері парламент спикеріне өтеді, осыдан кейін ол мемлекет басшысы қызметін атқарады. Ал премьер-министрге келетін болсақ, министрлер кабинетінің жетекшісі ретінде қызметі парламенттік сайлау өткенше уақытша тоқтатылады. Сол кезге дейін міндетін бірінші орынбасары атқарады. 

Президенттік сайлауға қатысушылардың тізімі қарашаның он төртінен дейін бекітіледі. Ал президенттік сайлау келесі жылдың 10 қаңтарына белгіленген.

Автор: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы