422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістан ПТР тестілеуден бас тартады

  • 71
  • UPD: 12:35, 13.11.2020

ПТР тестілеу күрделі әрі қымбат болғанымен тиімділігі жағынан дара тұр. Оның қауіпті вирусты анықтайтын қабілетін әлемнің барлық мамандары мойындады.

Үндістан билігі соның бәрін біле тұрып, полимеразалық тізбекті реакция тестін қымбатсынып одан бас тартуды ұйғарды. Ал жергілікті жұрт мұндай шешімге наразы. Осы дауды шешуі тиіс болған дәрігерлер үкіметті жақтап шықты. Індет өршіп тұрған кезде ең алдымен ағзасында вирус мөлшері көп және оны өзгелерге жұқтырып жүрген адамдарды анықтау маңызды дейді. Бұл жағдайда антигендерді анықтайтын тест арзан әрі қолайлы. ПТР-сараптаманың дәлдігі жоғары болғанымен оған ақша мен уақыт көп кетеді.

Леандер Пичард, мемлекеттік медициналық колледжінің аға оқутышысы:

- ПТР-тест құны антиген анықтайтын тесттен бірнеше есе жоғары. Иә ол тиімді, бірақ дені сау адамдарға да жиі қолданылады, ол өз кезегінде мамандардың көп уақытын алады. Антигенді анықтайтын тест осы адамды әрі қарай тексеру керек пе, жоқ па, бірден анықтап береді. Осылай індет жұқтырушы мен дені сау адамдарды ажырата аламыз. 

Екі ай бойы билік біртіндеп шектеулерді жеңілдетіп келеді. Коронавирусты жұқтыру бойынша әлемде екінші орында тұрса да таяуда Үндістан үкіметі шетел азаматтарына әуе немесе теңіз көлігімен елге келуге рұқсат етті. Бірақ саяхташыларға есік жабық. 

Дивидж Ловда, қоғам қайраткері:

- Індетті еңсере алмағанымыз рас. Бірінші толқын бірден екіншіге ұласып кетті. Тіпті төртінші де болуы мүмкін. Күн сайын 50 мың науқас анықталып жүргенде шекараны ашу қылмыс деп санаймын. Халық ұзаққа созылған карантиннен жалығып кетті, ал күшпен оқшауландыру олардың ашу-ызасын туғызды. Сондықтан жалғыз амалымыз вакцина табу.

Қазір елде бірдей үш вакцинаның сынағы өтіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, осы айда басталған сынақтың алғашқы нәтижелері осы препараттардың қауіпсіздігі мен тиімділігін көрсетті. Вакцинаны 300 мың адамға тексеру көзделіп отыр.

Алексей Родионов, Анастасия Левитан, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы