420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ-та саяси науқаннан кейінгі тартыс әлі де жалғасуда

  • 115
  • UPD: 19:04, 13.11.2020

АҚШ-та қарашаның 3-інде өткен президенттік сайлаудың қорытындысы бойынша 273 электоралды дауыспен Джо Байден жеңіске жеткен еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сайлау аяқталса да, науқаннан кейінгі тартыс әлі де жалғасуда.

Талғат Алман, тілші:

– Желтоқсанның он төртінде 50 штаттың атынан таңдалатын электоралды коллегия өкілдері бас қосып, сайлаудың ресми қорытындысын жариялайды. Ал қаңтардың 20-сында АҚШ-тың жаңа сайланған президенті салтанатты түрде инаугурацияға қатысып, мемлекет басшысы ретінде өз жұмысына кіріседі. Әдетте бұл датаға дейін Ақ Үйдің қазіргі басшысы өзінің жеңілісін мойындап, жеңіске жеткен әріптесін құттықтап билікті толықтай тапсыруы керек. Алайда бұл жолы барлығы өзгеше болуы мүмкін.

Олай деп айтуға бірнеше негіз бар. Мәселен, Ақ Үйдің қазіргі басшысы Дональд Трамп сайлау қорытындысымен мүлдем келіспейтіндігін айтып, дауыс айырмашылығы бір процентке жетпейтін штаттардағы бюллетеньдерді қайта санауды талап етуде. Оның сөзінше, пошта арқылы жіберілген бюллетеньдердің арасында заңсыз жолмен келгендері де болуы мүмкін. Бұл істің Жоғары Сотқа дейін жетуін Сенаттағы Республикалық партияның кейбір өкілдері де қолдап отыр.

Митч Макконнелл, сенатор:

– Қазіргі таңда, бірде бір штат ресми түрде президенттік сайалауда жеңіске жеткен кандидаттың есімін жариялаған жоқ. Демек демократтардың жеңісін мойындау әлі де ерте. Оның үстіне бірнеше штатта дауыстарды қайта санау басталып кетті. Және де қазіргі президенттің ондай талап қоюы заң бойынша қарастырылған. Мұндай құқық біздің конституциямызбен бекітілген.

Саясаттанушы Эйб Нелсонның айтуынша, штаттардағы бюллетеньдерді қайта санаған күннің өзінде сайлаудың қорытындысы айтарлықтай өзгермейді. Өйткені Трамптың сұрап отырған Джорджия және Уисконсин сынды штаттарындағы дауыс айырмашылығы 34 мыңнан асып жығылады. Демек осыншама адамның жаңылысуы мүмкін емес дейді сарапшы.

Эйб Нелсон, саяси сарапшы:

– Бюллетеньдерді қайта санау әдетте сайлау қорытындысына көп әсер ете қоймайды. Мысалы 2016 жылғы сайлауды алып қарасаңыз, Дональд Трамп Висконсин штатындағы дауыстарды қайта санатты. Нәтижесінде Трамп қосымша 131 ғана дауыс ала алды. Ал қазіргі айырмашылық өте үлкен.

Дональд Трамптың сайлау қорытындысын жоққа шығаруы қанша күнге созылары белгісіз. Алайда пандемия жағдайында Байденнің жеңісін мойындамау елдегі жағдайды ушықтыра түсері анық. Өйткені індетпен күресуге жұмсалатын әр күн есепке алынуда дейді саясаттанушы.

Эйб Нелсон, саяси сарапшы:

– Дональд Трамп өзінің жеңілісін мойындамаумен қазіргі ковид жағдайына да әсер етіп отыр. Өйткені Джо Байден Федералды үкіметтен қажетті ақпаратты ала алмай отыр. Әдетте жеңілген тарап өзінің жеңілісін мойындағаннан кейін Федералды Үкімет күн тәртібіне қажетті өте маңызды ақпаратпен бөлісе бастайтын. Бірақ бұл жолы ондай дүниені байқап отырған жоқпыз. Дегенмен Байден қазірдің өзінде, АҚШ-тағы ковид пандемиясымен күресуге арналған арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.

2020 жылғы президенттік сайлауда 150 млннан астам америкалық дауыс беріпті. Оның 72 млнға жуығы Дональд Трампты қолдаса, 77 млн-нан астамы Джо Байденді президент ретінде көргісі келіпті. Демократтық кандидатқа дауыс бергендердің 82 проценті елдегі денсаулық сақтау мен ковид пандемиясымен күресу қажеттілігін алдыңғы орынға қойыпты. 

БЛИЦ:

– Менің ойымша дәл қазір біз үшін ең маңызды нәрсе – пандемиямен күресу болып отыр. Жағдай өзгеруі тиіс. Байденге келер болсам, ол барынша сақ болатын сияқты. Өйткені қанша дегенмен халық сол үшін дауыс берді ғой.

Бюллетеньдерден бөлек, АҚШ-тың Бас прокуроры әрі Әділет Министрі Уилиам Бар сайлау барысындағы алаяқтыққа қатысты тергеу жұмыстарын жүргізетіндігін де мәлімдеді. Алайда оған қатысты салмақты дәлел табылмай отыр.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Хабар 24 телеарнасы