424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлем елдері коронавирустың екінші толқынымен қалай күресіп жатыр?

  • 95
  • UPD: 22:22, 13.11.2020

Әлемде коронавирус індетіне шалдыққандар саны 52 млн 681 мыңға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы тәулікте 611 мың адам вирус жұқтырған. Бұл – Джонс Хопкинс университетінің мәліметі. Науқас саны бойынша алғашқы бестікте АҚШ, Үндістан, Бразилия, Франция және Ресей тұр.

Індет жұқтырғандар мен кеселден көз жұмғандар саны бойынша АҚШ әлемде бірінші орында тұр. Пандемия басталғалы 10 млн 600 мыңнан астам адам вирусқа шалдыққан. Елде ауру жұқтыру дерегі бойынша тағы да антирекорд тіркелді. 

Бір тәулікте қауіпті вирус 163 мыңдай азаматтан табылған. Бүгінде Құрама Штаттарда 65 мыңнан астам адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Бірақ сарапшылар күн суыта елде коронавирус жұқтыру деректері одан сайын арта түседі деп топшылайды. Техас пен Калифорнияда коронавирус жұқтырған науқастардың саны бір миллионнан асты. Індеттің өршуінен мамандар халықты алдағы мереке кезінде қарым-қатынасты шектеп, әлеуметтік арақашықтық сақтауға шақырады.

Роберт Ким-Фарли, UCLA университеті эпидемиология кафедрасының профессоры:

– Қазір бізде мейрамдар бірінен соң бірі өтіп жатыр. Жақында болған Хэллоуиннің салдарынан Калифорнияда және бүкіл ел аумағында ауруды жұқтыру саны өскенін көрдік. Көп ұзамай Ризашылық күнін, ал одан кейін Рождествоны атап өтеміз. Халық пандемияға байланысты биыл бәрі өзгеше болатынын түсінуі керек. Сондықтан сақтанып, көп адамның бірге жиналуын шектеу қажет.

Үндістан науқас саны бойынша әлемде екінші орында тұр. Елде 8 млн 700 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. Үнді денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, соңғы тәулікте 45 мыңға жуық тұрғын инфекцияға шалдыққан.

Індет Махараштра мен Андхра-Прадеш штаттарында кең етек жайды. Ал ертең елде Дивали немесе «Шырақ фестивалі» діни мерекесі басталады. Жергілікті билік ауруды одан бетер ушықтырмау үшін биыл мерекені үйде қарсы алу керек деген талап қойды. Нью-Дели мен өзге де өңірлерде отшашу ұйымдастыруға тыйым салынды. Бұл адамдардың көп жиналмауы үшін әрі ауаның ластануын болдырмау мақсатында қабылданған шара. Алайда биліктің талабына құлақ асқан халық жоқ. Үнділер мерекеге білек сыбана кірісіп кетті. Базарларда сауда қызып тұр. Кәсіпкерлер пандемияның салдарынан онсыз да саудасы тұралап, экономикалық қиыншылыққа ұшырағандарын айтады.

БЛИЦ:

– Өткен жылмен салыстырсақ, саудамыз 60 процентке азайды. Базарға келетіндердің қарасы мүлдем аз. Халық вирус жұқтырып аламын деп қорқады.

– Карантинде отырғанда әлеуметтік жағдайымыз қиындап қалды. Жұмыссыздық жайлады, көбіне оңай болған жоқ. Енді биыл Дивали мерекесі де қызықсыз өтейін деп тұр.

Франциядағы дімкәс жандардың қатары 1 млн 800 мыңнан асты. Инфекция жұқтырғандардың саны күн өткен сайын артып барады.

Франция ауруханаларындағы жансақтау бөлімдері 95 процентке толған. Сондықтан желтоқсанның біріне дейін жоспарланған локдаун мерзімі әрі қарай ұзартылады. Мейрамханалар, барлар мен спортзалдар ашылмайды, халықтың көбі қашықтан жұмыс істейді. Тек Жаңа жыл алдында шектеулер жеңілдетіледі.

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:

– Біздің есебімізше, жағдай мүлде мүшкіл. Соңғы күндері жарты минут сайын коронавируспен ауырған бір науқас ауруханаға жатқызылады екен, әрбір үш минут сайын бір науқас жан сақтау бөліміне түсіп отыр. Ауруы асқынған азаматтардың 40 проценті – 65 жасқа жетпегендер. Сәуірде тіркелген көрсеткіштен асып түстік.

Коронавирус жұқтыру деректері бойынша ұзақ уақыт әлемде төртінші тұрған Ресей бесінші орынға түсті. Елде 1 миллион 800 мыңнан астам адамнан қауіпті инфекция табылған. 32 мыңдай кісі көз жұмды.

Өткен тәулікте тағы антирекорд тіркелді. 22 мыңға жуық азамат вирус жұқтырған. Басым бөлігі Мәскеу, Мәскеу облысы, және Санкт-Петербургте анықталды.

Дана Нұржан, тілші:

– Ресейде коронавирусқа қатысты антирекорд бірінен кейін бірі жаңартылып жатқанына қарамастан, билік өкілдері елде жалпы карантин енгізілмейді деп отыр. Жуырда кремльдегілер осындай мәлімдеме жасады. Қазіргі уақытта індеттен ел астанасы Мәскеу қатты зардап шегіп жатыр. Күн сайын қауіпті вирус 6 мың адамнан анықталады. Бірақ соған қарамастан шаһар билігі қалалық денсаулық сақтау жүйесінің құлдырамағанын айтып, ауруханаларда төсек-орын қоры әлі де жеткілікті екенін жеткізді. Дегенмен қалада ішінара карантиндік шаралар ұйымдастырылып, маска тағу режимі қатаңдатылады. Санкт-Петербургте те жаңа шектеу шаралары қабылданады. Дүйсенбіден бастап бұл қалада 65 жастан асқан азаматтар қашықтан жұмыс істеу режиміне көшеді. Сонымен қатар балаларға арналған үйірмелер қызметін тоқтатады.

Өңірлердегі жағдайға келер болсақ, дәрігерлер қазіргі ахуал өте күрделі дейді. Ауруханаларда орын мен дәрі-дәрмек жоқ көрінеді. Мұны Кремль де мойындап отыр. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, бірқатар өңірде денсаулық сақтау жүйесіне түскен жүктеме шектен тыс екен. Сондықтан бұл мәселені шешуге әскери ведомстволар тартылыпты. Қазір елдің Қорғаныс министрлігі өңірлерде далалық госпитальдер құруға дайын тұрған көрінеді. Тіпті біреуі Хакасияда салына бастаған. Дәрігерлер айтып отырған тағы бір мәселе – бұл  коронавирустан кейінгі оңалту жұмыстарының күрделілігі. Мамандардың айтуынша, коронавируспен ауырып болған соң жұмысқа асығудың қажеті жоқ. Өйткені дерттен жазылып шыққаннан кейін қандай да бір асқынулар болуы мүмкін екен.

Константин Лядов, дәрігер, Ресей ғылым академиясының академигі:

– Стационарлық емдеу кезеңдерінен өтіп, вирустан айыққан 40-50 жастағы азаматтар жұмысқа шыққан соң өз ісін толыққанды орындай алмай қалған. Оларда әлсіздік, астенизация мен зейіннің бұзылуы байқалған.  

Оңалту процесі кем дегенде бір айға созылуы керек дейді дәрігерлер. Бірақ осы жерде бір мәселе туындайды. Жұмыс берушілер өз қызметкерлерін осынша уақытқа еңбек демалысына жіберуге дайын ба? Жалпы Ресей індеттің екінші толқыны кезінде Швецияның жолын таңдағандай. Себебі халық вирусқа қарсы ұжымдық иммунитеттің қашан қалыптасатынын күтіп отыр. Сонымен қатар отандық вакцинаға да зор үміт артылған.

Хабар 24 телеарнасы