423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Германияда 300 мыңнан астам оқушы карантинде отыр

  • 42
  • UPD: 11:16, 16.11.2020

Германияда екінші рет локдаун жарияланғанына қарамастан мектептер жабылмаған болатын. Енді коронавируске шалдыққан оқушылардың қатары күннен күнге артып, ондаған мың бала үйде оқшауда отыр. Осыған байланысты сәрсенбіден бастап Берлиндегі орта мектептерде шектеу шаралары қатаңдатылмақ. Бұдан былай балалар сабақта маска тағып отыруға міндетті.

Германияда Ковид дертіне шалдыққан балалардың саны артып барады. Осыған байланысты барлық сынып оқушылары карантинде отыр.

BILD басылымының мәліметінше, қазір елде 300 мыңнан астам оқушы үй жағдайында оқшауланған. Қабылданған сақтық шараларына қарамастан қыркүйек айында ғана карантинде отырған бала саны қазіргіден 6 есе кем болған еді. 

Мальтрин, оқушы:

- Мектеп қабырғасында маска тағу режимі енгізілген. Үзіліс кезінде де, дәлізде де бетперде киіп жүреміз. Тек партаға отырған кезде ғана шешетінбіз.  Әрине бұрын бетпердесіз жүргенде оңай болатын. Сабаққа қуана-қуана келетінмін. Десе де, тәртіпке бағынуымыз керек. 

Індеттің ілмегіне оқушылардан бөлек мұғалімдер де ілініп жатыр. Шамамен 30 мыңға жуық ұстаз карантинге кетуге мәжбүр болды. Енді Германияның мұғалімдер одағы шектеу шараларын қатаңдатуды талап етуде.

Атап айтқанда, балалар сабақ үстінде бетперде тағып, сыныпты бірнеше топқа бөлуды ұсынады. 

Пауль, оқушы:

- Көбі сабақ үстінде бетпердемен отыру оңай емес дейді. Оның үстіне ауаны тазарту үшін жиі терезе ашылады. Сондықтан балалар сыртқы киімдерімен отыруға мәжбүр. Мұғалімдер болса маскада отырған балалардың не айтып жатқанын түсінбейді. Мұндай жағдайда сабақ өткізу қиынға соққандықтан көбі мектептердің жабылғанын жөн көріп отыр. Мен де оқу үрдісінің онлайн форматқа көшкенін дұрыс деп ойлаймын. Алайда онда Үкімет оқушыларды көмпьютермен қамтамасыз ету керек. 

Жақында канцлер Ангела Меркель мен 16 федералды жердің басшылары бас қосып аймақтағы жартылай локдаунның тиімділігі мен мектептердегі эпидемиологиялық ахуалды кеңінен талқыламақ ниетте. Егер күніне 20 мыңнан астам науқастың тіркеліп жатқанын ескерсек, саясаткерлер шектеу шараларын қатаңдатуы әбден мүмкін. 

Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы