425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: Нью-Йорк губернаторы Трамп әкімшілігін сотқа бермек

  • 88
  • UPD: 22:35, 16.11.2020

Әлем шектеу шараларын күшейткенмен, коронавирус ырыққа көнбей тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қауіпті инфекция жұқтырғандардың саны бүгінде 54 миллионнан асып кетті. Бұл – Джонс Хопкинс университетінің мәліметі. Әзірге вирустың бетін қайтаруға адам баласы қауқарсыз. Індет әсіресе Америка мен Еуропаны жаулап барады.

Бүгінде жер бетіндегі эпидемиологиялық жағдай қалай? Қандай қам-қарекет жасалып жатыр деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Әлемде коронавирустың зардабын тартқандар саны күн санап артып барады. Тек алпауыт Американың өзінде вирус жұқтырғандардың саны қазір 11 миллионнан асып жығылады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл – Қазақстан халқының жартысынан астамы. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, елде 11 күн қатарынан инфекцияға шалдығу деректері 100 мыңдап тіркелді. Осыған байланысты жергілікті билік өкілдері сақтанудың оңтайлы жолдарын іздеп, індетке тосқауыл қою үшін барынша қам-қарекет жасап жатыр. Мәселен, Вашингтон штатының басшысы дәмханалардың ішінде қызмет көрсетуге тыйым салды. Мичиган билігі аймақтағы мектептер мен колледждерді жапты. 

Гретчен Уитмер, Мичиган губернаторы:

– Мұндай жағдай бұған дейін болған емес. Бұл сұмдық қой! Ең қиын кезеңді бастап өткеріп келеміз. Егер дәл қазір шұғыл шара қабылдамасақ, аймақтағы ахуал мүлдем күрделеніп кетуі мүмкін. Бір аптадағы өлім-жітім көрсеткіші 1 мыңға жетіп қалуы әбден ықтимал.

Қалай болғанда да жағдайды жаңа дәрі жақсы жаққа өзгертуі мүмкін. Қазір Америкада бірден бірнеше вакцина клиникалық сынақтан өткізіліп жатыр. Дональд Трамптың айтуынша, ол сәуірде қолжетімді болады. Бірақ Нью-Йоркте емес. Себебі штат губернаторы Эндрю Куомо жаңа вакцинаға күмәнмен қарайды. Тым тез әзір болды дейді. Сондықтан ол қосымша тексеруден өтеді. Бұдан бөлек, өңір басшысы вакцина ел арасында әділ таратылмаса, Трамп әкімшілігін сотқа беруден де тайынбайтынын жеткізді.

Эндрю Куомо, Нью-Йорк штатының губернаторы:

- Бізде коронавирусқа қарсы вакцина бар. Бұл жақсы жаңалық екені сөзсіз. Бірақ қазір америкалықтардың тең жартысы осы вакцинаға күмәнмен қарайды. Оның үстіне Дональд Трамп бұл дәрілердің CVS, Walgreens секілді ірі дәріхана желілеріне жіберілетінін айтып отыр. Бірақ олардың бәрі бай аудандарда орналасқан. Бұл – әділетсіздік.

Ұлыбритания да әлем елдерінен сырт қалмай, коронавируспен күреске бар күшін жұмсап жатыр. Ол үшін тіпті әскерилер де тартылған. Белгілі болғандай, 2 мың сарбаз Ливерпуль халқын түгел тестілеуге бағытталған зерттеу жұмысына қатысып жатыр. Алайда бұл істі бәрі бірдей қолдамайды. Сыншылардың сөзіне қарасақ, тұрғындарды жаппай тексеруден келер түк пайда жоқ. Одан да соған кеткен ақшаны тиімді іске жұмсаған жақсы болар еді. Ал жергілікті билік бұл шара вирус жұқтыруды азайтуға сеп болады дейді. Айта кетейік, өткен жұмадан бері 500 мың тұрғыны бар Ливерпульдің тең жартысы тексеруден өткен.

БЛИЦ:

– Меніңше, бұл өте маңызды шара. Әсіресе, Ливерпульде. Ол көп септігін тигізеді деп ойлаймын. Қалай болғанда да оның тиімділігін алдағы апталарда көреміз.

– Негізі, олар бақылауды оп-оңай қолға ала білді.

Айта кетейік, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон ковидке шалдыққан науқаспен қарым-қатынастан кейін карантинге жіберілді. Бұл туралы британдық ақпарат құралдары хабарлады. Белгілі болғандай, үкімет басшысы таяуда коронавирус диагнозы расталған елдің парламент мүшесімен байланыста болған. Естеріңізге салайық, премьер наурыз айында коронавируспен ауырып шыққан еді. Саясаткер бірнеше күн ауруханада жатып, сәуір айында қызметіне қайта кіріскен болатын.

Италиядағы ахуал да көңіл көншітерлік емес. Бір күнде 37 мыңнан астам адамнан ковид анықталған. Қазір олардың жалпы саны 1 миллион 150 мыңнан асады. Осыған байланысты ел билігі шектеу шараларын қатаңдатып жатыр. Мәселен, Тоскана, Ломбардия, Калабрия, Пьемонт және Кампания өңірлерін қызыл аймаққа жатқызып, шектеулерді қатаңдатты. Осы өңірлердегі мейрамханалар жабылып, азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істеп тұр. Ал тұрғындардың себепсіз үйден шығуына тыйым салынған.

Джанни Резца, денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық институт директоры:

– Қазір елде 100 мың адамға шаққанда 650 вирус жұқтыру оқиғасы тіркеледі. Өкінішке қарай, қауіпті инфекция бүкіл ел бойынша тарап отыр. Ауруханаға түскендер де, жансақтау бөлімінде жатқандар да артып барады. Сондықтан қауіптің жоғары деңгейі жарияланған өңірлерде шектеу шаралары қатаңдатылуы тиіс.

Ал қатаң карантиндік шаралардан бас тартып келген Швецияда коронавирус төңірегіндегі көрсеткіштер күрт өзгере бастады. Мәселен, қазіргі уақытта елде коронавирус жұқтыру деректері Финляндиядан 10 есе, Норвегиядан 6 есе көп. Айта кетейік, осы уақытқа дейін Швеция қатаң шаралардан бас тартып келген еді. Билік ұжымдық иммунитетке үміт артып, осылайша карантиннің экономикаға әсерін азайтпақ болған. Яғни бұл елде коронавирус кең етек жайған алғашқы кезеңнің өзінде ешқандай шектеу болмаған. Адамдар емін-еркін көшеде жүріп, қалыпты тіршілік кешті. Алайда тақауда корольдіктің бас эпидемиологы «Швед моделінің» тиімсіздігін мойындады. Қазір мұндағы вирус жұқтырғандар саны 177 мыңнан асады. Одан бөлек, мұнда 150 адам індетті қайта жұқтырған деген мәлімет бар. Қазір қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі бұл деректерді тексеріп жатыр.      

Ал Ресейде тағы тәуліктік антирекорд тіркелді. Бұл жолы вирус жұқтырғандардың саны 22 778-ге жетті. Ресми мәлімет бойынша, бір аптада 151 мыңнан астам азамат дерке ұшыраған. Осыған байланысты қазір көрші елдің ауруханаларында орын жетіспеушілігі мәселесі туындай бастады. Денсаулық сақтау министрінің мәлімдеуінше, елдегі ауруханалардағы орынның 84 проценті бос емес. Кей өңірлерде бұл көрсеткіш 90 проценттен де асып кеткен.

Хабар 24 телеарнасы