423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Пандемия салдарынан АҚШ мигранттарының өмір сүруі қиындап кетті

  • 60
  • UPD: 15:54, 17.11.2020
Пандемия салдарынан АҚШ мигранттарының өмір сүруі қиындап кетті

Коронавирус індетін жұқтырғандардың саны күн санап артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

АҚШ-та бүгінгі күнге дейін 11 млн-нан астам адам ауырып, 250 мыңы жуығы көз жұмды. Әсіресе елдегі иммигранттардың жағдайы мәз емес. Ағылшын тілін жетік меңгермегендері медициналық сақтандыру, жұмыссыздық бағдарламаларына және ынталандыру пакеттеріне қатысты ақпараттарды да ала алмай отыр.

Абду Рахманның ата-анасы Мысыр елінен 2000 жылдардың басында Нью-Йоркке қоныс аударған. Алып шаһардың қызмет көрсету саласында жұмыс істеп, біраз жылдан кейін Каирге қайтады. Ал ұлдары АҚШ-та қалып, оқуын жалғастыруды ұйғарады. Бала кезінен каллиграфия өнеріне ерекше қызығатын Абду Рахман оқуының ақшасын төлеу үшін аптасына бес күн мейрамханада жұмыс істейді. Алайда пандемияның кезекті толқынының келуімен жұмыс сағаты қысқарып, табысынан едәуір бөлігіген айырылып отыр.

Абду Рахман, жас маман:

– Қазіргі уақытта кез келген жұмыстың барына шүкір дейміз. Өйткені барлық жұмысшы үкіметтен көмек сұрап отыра алмайды. Құжатсыз жүргендері де бар. Қазіргі қауіпті жағдайға қарамастан, олар адал еңбегімен ақша тауып отбасын асыраулары керек. Мысалы, мен айтарлықтай қиындық көрмедім, бірақ кейбір таныстарым қазір қатты қиналып жүр.

Жұмыс сағаттарының қысқаруы мен мейрамханалардың жабылуына байланысты мемлекеттен бір реттік ынталандыру пакеті және шағын бизнеске арналған жеңілдіктер қарастырылған. Дегенмен ол да көңілге медеу бола алмайды. Өйткені ағылшын тілін жетік білмегендіктен, көптеген иммигранттар тиісті ақпаратты дер кезінде ала алмай отыр.

Абду Рахман, жас маман:

– Кейбір жағдайда мемлекет мейрамхана иелерінің несиесін жартылай немесе толықтай жабуға көмектеседі. Алайда ол үшін сіз сауатты болуыңыз керек. Кімге барып, қайда жолығуыңызды нақты білуге тиіссіз. Менің білуімше. мұндай жеңілдіктерді алып жатқандардың көбісі: кәсіпкерлер не жергілікті халық не болмаса заңды жақсы білетіндер. Шағын және орта бизнеске арналған ынталандыру пакетін былай қойғанда, жұмыссыздыққа арыз жазбай отырған қаншама адам бар.

Ресми дерек бойынша Нью-Йорк қаласындағы иммигранттардың саны 3 млн-нан асады. Бұл қала тұрғындарының 37%-ін құрайды. Оған тағы 560 мың құжатсыз жүргендерін қосыңыз. АҚШ үкіметі мен коммерциялық емес мекемелердің бағдарламаларына сәйкес құжатсыз иммигранттардың өзі де адам басына 500 долларға дейін көмек ала алады. Алайда соңғы жылдары миграция нормаларының қатаңдауына байланысты көптеген иммигрант коронавирус жәрдеміне арыз беруден бас тартып отыр дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Хабар 24 телеарнасы