425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бай елдер кедей мемлекеттерге вакцина қалдырмауы мүмкін

  • 54
  • UPD: 23:16, 17.11.2020

Американдық Модерна компаниясы дайындаған коронавируске қарсы вакцинаның тиімділігі 94,5 процент. Клиникалық сынақтың үшінші кезеңі бойынша жасалған алдын ала қорытынды осындай. Белгілі болғаны, сынаққа 30 мың ерікті қатысқан.

Стивен Хоге, Moderna компаниясының президенті:

- Бұл өте маңызды кезең. Клиникалық сынақтан өткізудің үшінші сатысының алдын ала нәтижелері көңіл көншітерлік. Егер азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмек сапасына қатысты санитарлық бақылау басқармасы рұқсат берсе, жыл соңына дейін 20 миллион доза өндіріп үлгереміз. Ал келесі жылы 500 миллионнан бір миллиард дозаға дейін жасап шығара аламыз. 

Оның бір бөлігі Еуроодаққа жіберілуі мүмкін. Себебі қазір Еуроодақ осы вакцинаны сатып алуға ниет білдіріп отыр. Жалпы Брюссель бүгінге дейін вакцина сатып алу бойынша түрлі компаниялармен бес келісім-шарт жасасқан. Мәселен, кеше неміс концерні CureVac-пен уағдаластық орнағаны жарияланды. Ол бойынша кәрі құрлық елдері 400 миллионнан астам доза сатып алуға тапсырыс беріпті. 

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия төрайымы:

- Қазір Модерна компаниясымен алтыншы вакцина жөнінде жұмыс істеп жатырмыз. Алдын ала келіссөздерді аяқтадық. Көп ұзамай толыққанды келісім-шарт жасасамыз деп үміттенемін. Дәл қазір нақты қандай вакцина қауіпсіз әрі тиімді болатынын білмейміз. Ол Еуропалық медициналық агенттіктің жасаған қорытындысынан кейін ғана белгілі болады. Сондықтан бізге әртүрлі технологиялар негізінде жасалған вакциналар қажет.

Бірақ бұл жаңалық көптің көңілінен шықпай отыр. Қоғам белсенділерінің айтуынша, бай мемлекеттер миллиондаған дозаны сатып алу арқылы кедей елдерге түк қалдырмайды. Алайда Брюссельдегілер бұл мәселеде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен тығыз байланыста екендерін айтып, жаңа дәрінің кедей елдерге де таратылу жағы қарастырылған жеткізді. 

Модерна әзірлеген вакцина расымен де тиімді болса керек. Оны Еуроодақтан бөлек Ұлыбритания да сатып алуға асық. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, Корольдік тіпті 5 миллион дозаға тапсырып беріп те қойған. Халықтың қамын ойлаған бұл ел  Файзермен де келісімге келген көрінеді. Себебі бұл компания коронавируске қарсы вакцина жасау ісінде өзгелерден көш ілгері келеді. Қазір бұл мекеме Американың 4 штатына вакцина жеткізу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асырып жатыр. Мамандар мұнда  аса суық жерде сақтауды талап ететін вакцинаны тарату мәселесін шешпек. 

Мэтт Хэнкок, денсаулық сақтау министрі:

- Біз «Пфайзер» компаниясымен тығыз байланыстамыз. Вакцина дайын болған уақытта оны бірден қолдануға әзірміз. Егер оның қауіпсіз екені расталса, Рождествоға дейін де пайдаланып қалуымыз мүмкін.

Британдық өнімге тоқталар болсақ, Johnson әнд Johnson компаниясы әзірлеп жатқан вакцина 16 қарашадан бастап клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне көшеді. Оған бастапқыда 6 мың британдық қатысады. Кейін зерттеу жұмыстары 5 елдің аумағына таралып, оған бас-аяғы 30 мың ерікті тартылады деген жоспар бар. Сынақ сәтті аяқталып, тіркеуден өтсе, бұл компания жылына 1 миллиард доза шығаруды қолға алмақ. 

Коронавируске қарсы вакцина індеттің таралуын бақылауға алуға мүмкіндік бергенімен, бұл «ковид-19»-ды жеңу жолындағы жалғыз шара емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гейбрйесус осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, қауіпті дертке қарсы екпе дайын болған күннің өзінде тестілеу, науқастарды анықтау және оқшаулау сынды шараларды жалғастыру қажет. Бұл денсаулық саласына түсетін ауыртпалықты жеңілдетіп, өлім-жітімді азайтады. 

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ Бас директоры:

- Қазір коронавируске қарсы вакцинаға қатысты жақсы жаңалықтар пайда бола бастады. Бірақ біз сақтықты ұмытпауымыз қажет. Арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі әлем елдеріндегі, әсіресе Еуропа мен Америкадағы індетке байланысты жағдай қатты алаңдатады.

Қалай болғанда да вакцина табылды деген жаңалық нарыққа айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. Сарапшылардың да сөзі осыған саяды. Айтуларынша, жаңа дәрінің жаппай таралуының арқасында әлемде сауда-саттық біртіндеп қалпына келіп, ойсырай зиян шеккен экономика жандана түседі. Бұдан бөлек алдағы жылы доллар бағамы 20 процентке төмендеп кетуі мүмкін екен.

Хабар 24 телеарнасы