425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Орталық Америкада ойран салған «Йота» дауылы екі адамның өмірін қиды

  • 70
Орталық Америкада ойран салған «Йота» дауылы екі адамның өмірін қиды

Тропикалық дауылдан Гондураста мыңдаған адам жарықсыз қалды.

Құтқарушылар шамамен 80 мыңға жуық тұрғынды қауіпті аймақтардан эвакуациялады. Қазір өңірде қатты жел мен нөсер жауын жауып тұр. Салдарынан өзендер арнасынан тасып жатыр. Мамандар кей өңірлерде судың деңгейі 76 см-ге дейін жетеді дейді. Желдің екпіні де сағат сайын күшейіп барады. Жергілікті билік елде қауіптіліктің «қызыл» деңгейін жариялады.

Баниер Карбахал, жергілікті тұрғын:

– Онсыз да «Эта» дауылынан есеңгіреп қалған едік. Енді көшелердің барлығын тағы су басты. Ондаған баспана қирады. Адамдардың баратын жері жоқ. Өте қиын жағдайдамыз.

Табиғат апаты Колумбияны да айналып өтпеді. Бұл Провиденсия аралының қазіргі көрінісі. Апаттан тас талқаны шыққан аралда тұрғындар жарықсыз отыр. Ел президенті аймақтың 98 процент инфрақұрылымы зақымдалғанын хабарлайды.

Иван Дуке, Колумбия президенті:

– Табиғат апатынан келген шығын шаш етектен. Қазір ең бастысы аралды үйінділер мен қирандылардан тазартып шығу керек. Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек қажет. Апаттан баспанасыз қалғандарды уақытша лагерьлерге жайғастыруымыз керек.

Хабар 24 телеарнасы