423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бішкек ауасы ең лас қалалардың қатарына қайта енді

  • 66
  • UPD: 20:14, 18.11.2020

Әлемдегі ауа сапасы халықаралық рейтингтің мәліметінше, Бішкекте ауа құрамындағы зиянды заттардың үлесі екі есе артқан.

Жыл сайын күн суытқанда қаланы көк түтін тұмшалайтыны әдетті жағдайға айналған.

Бішкекте ауа ластанғаны жөнінде бірінші болып арнайы құрылғылар белгі бере бастады. Экологиялық ұйымдардың белсенділері оларды бүкіл қала бойынша былтыр орнатқан еді. Бұл аспаптар күйе, асфальт пен шиналардың ұсақ бөлшектері, минералды тұздар мен ауыр металдардың ауадағы үлесі шекті мөлшерден 1,5-2 есе артқанын көрсетіп отыр. Осындай кезде демікпе мен аллергия секілді кеселдерге шалдыққан адамдар қатты қиналады.

Майрам Утирова, Бішкек қаласының тұрғыны:

– Тыныс алу қиындап кетті. Әсіресе жол бойымен жүргенде. Ал көмір жағатын жер үйлердің маңында тіпті демала алмайсың. Мұның бәрі күн суытқанда басталды.

Ауаны автокөліктер, қаланың жылу электр стансасы және сапасы төмен көмірмен, ал кейде тіпті қолына түскен бар затпен пеш жағатын жер үйлер ластайды. Сондықтан қыс сайын Бішкекті қою түтін тұмшалайды. Билік біртіндеп жаңа үйлерді газға қосып жатыр, алайда бұл жұмыстар бірнеше жылға созылатын түрі бар. Қаладағы ауа сапасын дәл білу үшін экологтар ескіріп кеткен бақылау жүйесін Қазақстанда қолданылатын заманауи жүйеге ауыстыруды ұсынып отыр.

Мария Колесникова, эколог:

– «Қырғызгидрометпен» бірге жұмыс істейміз. Сондай-ақ Қазақстанмен бірлескен жоба қолға алынбақ. Бұл тәжірибе алмасуымыз пайдалы болады деген үміттеміз. Әсіресе мониторинг бойынша ауаның құрамын талдап, жағдайды жақсарту үшін нақты қандай қимыл жасау керектігін білеміз.

«Әлемдегі ауа сапасы» халықаралық рейтингісінің мәліметінше, Бішкек ауасы ең лас 10 қаланың тізімінде үнемі жүреді. Тіпті кейде Бейжің, Нью-Дели және Карачи секілді алып шаһарларды озып, тізім басынан орын алып жатады. Биылғы жылдың басында үкімет қаланы ластанудан қорғауға арналған арнайы бағдарлама қабылдады. Алайда мәселенің жақын арада шешілер түрі жоқ.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы