425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлем елдері жаңа жылды қалай қарсы алмақ?

  • 62
  • UPD: 22:40, 19.11.2020

Жаңа жыл мен Рождествоға бір жарым айдай уақыт бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Коронавирус өршіп тұрғанда, мерекелік отырыстардың қажеті жоқ деген әңгімелер айтыла бастады. Бұған дейін Мәскеуде барлық жаңа жылдық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғаны белгілі. Енді әлемнің өзге елдері де осындай шешім қабылдап жатыр. Мәселен, Нидерландта биыл жаңа жылдық отшашу болмайды. Біріккен Араб Әмірліктерінде жабық сауық кештерін өткізуге рұқсат жоқ. Сирия билігі Рождество мен Жаңа жылды тойлауға тыйым салды. Дегенмен кейбір елдер бір жарым ай ішінде індеттің таралуы тежеледі деген үмітте.

Әңгіме Австрия жайлы. Елдің-премьер министрі жаппай тестілеу өткізіп, мерекеге үлгерсек екен деп отыр.

Нидерландта Рождество мен Жаңа жыл кезінде отшашуға тыйым салынды. Өйткені мереке күндері пиротехниканы дұрыс пайдаланбау кесірінен ауруханаға әдеттегіден 3 есе көп науқас түседі. Қазір дәрігерлер коронавируспен әлек болып жатыр. Сондықтан емханалардағы жүктемені арттырмас үшін осындай шешім қабылданды.

Билік тауарды алдын ала сатып алып қойған кәсіпкерлерге алаңдауға негіз жоқ дейді. Оларға өтемақы төленіп, өнімдерді келесі жылға дейін сақтау үшін арнайы қоймалар беріледі. Билік осылай көмек көрсетілген соң, ереженің бұзылмауы қатаң қадағаланатынын ескертті. Мәселен, бағынбағандар 100 еуро айыппұл төлейді болмаса қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. Еуроодақта Нидерландтан бөлек Чехия астанасы Прагада да биыл мерекелік отшашу атылмайды.

Қазір тиісті мәселені Испания мен Франция билігі де қарастырып жатыр. Франция демекші, мұнда локдаунға байланысты қазір ең қажетті тауарлар сататын дүкендер ғана жұмыс істеп тұр. Қалғандары жабық. Соған қарамастан Париждегі сауда орындары мерекелік безендіруден бас тартпаған.

БЛИЦ:

– Рождество алдында дүкендерді безендіру – қаншама жылдан бері келе жатқан дәстүр. Қазіргідей қиын кезеңде одан бас тартпаған жөн деп шештік. Осылайша Париж тұрғындарын мойымауға шақырамыз.

– Биылғы мерекелер өзгеше өтетіні сөзсіз. Дегенмен дүкендердің дәстүрлі безендіруді қалдырғандары жақсы болды. Коронавирустан шаршаған жұрт жақсы нәрсе туралы ойлайды. Қазір көшеде жүрген адам аз. Алайда кішкене шыдасақ, Рождествоға дейін жағдай оңалатын шығар.

Коронавирусқа байланысты биыл Латвияда жаңажылдық іс-шараларды өткізуге болмайды. Біріккен Араб Әмірліктері Рождество мен Жаңажылдық жабық сауық кештеріне тыйым салды. Сирия үкіметі де кісі көп жиналатын мерекелік шараларды ұйымдастыруға шектеу қойды. Араб елінде коронавирус жұқтырудың 7 мыңға жуық дерегі расталған. Бұл оқиғалар саны 300 мыңнан асқан көрші Израиль мен 500 мың науқасы бар Иракпен салыстырғанда, әлдеқайда аз сан. Дегенмен билік сақтықта қорлық жоқ дейді.

Сирия туризм министрі жанындағы сапаны бақылау департаменті:

– Туристік нысандар мен мейрамханаларда жаппай мерекелік іс-шараларды өткізуге тыйым салу шешімі қабылданды. Дегенмен бұл орындар жабылмайды. Олар жұмысын жалғастыра береді.

Ал АҚШ-та мерекелік іс-шараларды өткізбеу туралы шешім әлі қабылданған жоқ. Сауда орталықтарының басшылығы балалардың көңіл-күйін түсірмеудің амалын тапқан. Көпшілік орындарда Санта-Клаус пен балақайлардың арасын органикалық әйнек бөліп тұрады. Бұл бір жағынан балалардың Рождество алдындағы көңіл-күйін түсірмеу үшін жасалып отыр. Екіншіден, кәсіпкерлерге көмек. Өйткені Санта-Клаусты көру үшін кісі әдеттегіден көп жиналады. Бұл шектеулер кесірінен табысы азайған кәсіпкерлер үшін тамаша мүмкіндік екені түсінікті.

БЛИЦ:

– Балалар осында келгенді ұнатады. Әрине, қазір қиын кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бірақ біз дүкеніміздегі көпжылдық дәстүрден бас тартпауды ұйғардық.

– Биыл менің алдыма әйнек қойып қойды. Балалардың тілегін есту қиынға соғады. Балғындар онсыз да ұялып, ақырын сөйлейді. Алайда әлеуметтік қашықтықты сақтау маңызды. Сол үшін бұл шешімге құрметпен қарауымыз керек.

Британдықтар да балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлаудың амалын тапқан. Жергілікті өнертапқыштар мобильдік қосымша жасап шығарған. Сол арқылы Санта-Клаус балалармен жеке жолықпаса да онлайн кездесу ұйымдастыра алады.

Джеймс Ловелл:

– Биыл коронавирус кесірінен кәсіпкерлер көп шығынға батты. Алайда біз қиындықтарға қарсы тұруға тырысып жатырмыз. Сондықтан қосымша ойлап таптық. Енді балалар пандемия кесірінен мерекесіз қалмайды.

Бірер күн бұрын локдаун жарияланған Австрия билігі Рождествоға дейін эпидемиологиялық ахуалдың жақсаратынына сенімді. Осы ретте канцлер жаппай тестілеу өтетінін айтты. Бұған дейін Словакия билігі де осындай қадамға барған. Австриялық мамандар тестілеуді желтоқсанның аяғына дейін аяқтауға ниетті. Билік сонда мереке қауіпсіз өтеді дейді.

Себастьян Курц, Австрия канцлері:

– Австрия халқын жаппай тестілеуден өткізу жобасын әзірлеп жатырмыз. Словакияда соңғы апталарда тұрғындардың басым бөлігін коронавирусқа тексерді. 5 миллионнан аса тест өңделіп, ауруды жұқтырған ондаған мың адам анықталды. Осылайша індеттің әрі қарай таралуына тосқауыл қойылды. Бұл іс-шараны үлгіге алып, желтоқсан айының басында, сосын Рождество алдында азаматтарымызды жаппай тестілейміз. Бұл індетті еңсеріп, мейрамды қауіпсіз ортада тойлау үшін жасалады.

Канцлердің айтуынша, жаппай тестілеуге алдымен мұғалімдер қатысады. Өйткені билік 7 желтоқсанға дейін білім беру мекемелерінің жұмысын қалыпқа келтіруге ниетті. Желтоқсанның басында мұнда сауда орындары да ашылады деп жоспарланып отыр.

Билік жоспарларын іске асырып, мерекені тек Австрия ғана емес, басқа елдерде де қауіпсіз қарсы алады деген үміттеміз.

Хабар 24 телеарнасы