425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әзербайжанда көшеде бетперде тағып жүру міндеттелді

  • 37
  • UPD: 12:05, 20.11.2020

Әзербайжанда коронавирус жұқтырғандар саны өсіп барады

Күн сайын қауіпті вирус 2 мыңнан аса адам анықталып жатыр. Өлім көрсеткіші де өсіп, күніне 20-дан астам науқас қайтыс болғаны жайында хабарланды. Осыған байланысты үкімет карантин тәртібінің мерзімін ұзартып, санитарлық шараларды күшейтті. Демалыс күндері барлық сауда орындары мен мейрамханалар жабылатын болды. Тек дәріханалар мен азық-түлік сататын дүкендер жұмыс істейді.

Бір айдың ішінде Әзербайжанда коронавирусты жұқтырғандар саны 4 есеге артқан. Сондықтан ел билігі карантин тәртібінің мерзімін 28 желтоқсанға дейін ұзартты. Сондай-ақ министрлер кабинетінің шешімімен көшеде маска тағу міндеттелді. Бұл ережені бұзғандарға 300 доллар мөлшерінде айыппұл салынады.

Хикмет Гаджиев, Әзербайжан президентінің көмекшісі:

– Коронавирус жұқтыру санының күрт артуы өте алаңдатып отыр. Өлім саны да өсіп келеді. Сол себептен жедел штаб кейбір ережелерді қатаңдатуды шешті. Қазіргі кезде ең бастысы халық үнемі бетперде киіп, әлеуметтік арақашықтықты сақтауы керек.

Баку қаласындағы метро тағы да бір айға жұмысын тоқтатты. Ал дәрігерлер халықты коронавирусқа қарсы ережелерді қатаң сақтауға шақырады.

Ягут Гараева, жедел штаб өкілі:

– Егер індет одан әрі өршісе, ауруханалар толып кетіп, медициналық қызметтердің сапасы төмендейді. Коронавируспен ауырғандарды емдеу қолымыздан келеді. Бірақ ең бастысы жаппай жұқтыруға жол бермеу керек. Сондықтан дәрігерлерге қоғамның жәрдемі қажет.

Қазіргі тұста екі қала мен сегіз аудан оқшауландырылды. Оларға кірер-шығар жолдарды полиция күзетеді. Жедел штаб өкілдерінің пікірінше, жаңа қабылданған шаралар жағдайды тұрақтандырып, медициналық қызметке түскен ауыртпалықты азайтуға тиіс.

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы