420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еуропа елдерінен жаңа жыл мерекесін атап өтпеу сұралды

  • 64
  • UPD: 20:57, 20.11.2020

Әлемде коронавирус өрши түсті. Еуропада індеттің екінші толқынына төтеп беру үшін түрлі шаралар қолға алынып, шектеулер қатаңдатылды. Кей елдерде желтоқсанның соңына дейін жүріп тұру шектелуі мүмкін. Қазір жұртқа жаңа жылдық мерекені тойлауды тоқтату туралы ескертулер айтылып жатыр. 

Еуропада вирус жұқтыру дерегі Францияда көп. Республикада індетке шалдыққандар саны 2 миллионға жетіп, аурудан қайтыс болғандар 46 мыңнан асқан. Елде шектеулер қатаңдатылды. Бірақ кей азаматтар індетті тоқтату үшін көктемдегі карантинді енгізу керек дейді.

Себастьян Буллери, жергілікті тұрғын:

- Қазір жағдай қиын. Жаңалықтардан вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандардың күн сайын артып жатқанын естиміз. Бұған көшеде адамдардың көптеп жүруі себеп деп ойлаймын. Сондықтан індетті тоқтату үшін бірінші карантин кезіндегі шектеулерді енгізу керек.

Франциядан кейін вирустың таралуы Испанияда күшейіп тұр. Пиреней түбегінде індетке шалдыққандар саны 1 жарым миллионнан асты. Соңғы тәулікте вирусты 13 мыңнан аса адам жұқтырған. Мадрид тұрғындары індетті тежеу үшін адамдарды тегін тестілеуді сұрап жатыр. Бұл мәселеге қатысты әлі шешім қабылданған жоқ. Қазір елде бетперде арзандады.

Элизабет Караскоза, жергілікті тұрғын:

- Бұл дұрыс шешім. Бірақ билік баяғыда осылай жасауы тиіс еді. Себебі бетперде - адамдардың ең басты қорғаныс құралы. Кей азаматтардың оны сатып алуға қалтасы көтермейді.

Ковид-19 вирусы алғаш таралғанда Еуропада індеттің басты ошағы болған Италияда өлім-жітім бәсеңдемей тұр. Вирустан 47 мыңнан аса науқас көз жұмған. Бірер күн бұрын вирустан 730 науқас қайтыс болып, Апеннин түбегіндегі ең жоғары тәуліктік көрсеткіш орнады. Сарапшылар науқастарды қарайтын білікті мамандар жетіспей жатқанын айтады.

Тания Сбравати, жедел жәрдем қызметкері:

- Осы айда наурыз кезіндегі жағдай қалыптасты десем болады. Ауруханаларға жеткізіліп жатқан науқас көп. Тек ол мезгілден айырмашылығы қазір аруханаларға түскендердің арасынан жастарды да жиі кездестіресің.

Автор: Дәурен Ақашұлы

Хабар 24 телеарнасы