422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Роботтар карантинді қадағалауды өз қолына алды

  • 75
  • UPD: 21:26, 20.11.2020

Жапондар тәртіпті қатаң сақтайтын халық екені белгілі. Дегенмен, дүкенде жүргенде әлеуметтік қашықтық ұстау қиынға соғады. Енді көмекке роботтар келуі мүмкін.

Негізі ғалымдар оларды сатушы мен клиенттердің арасындағы қарым-қатынасты азайту үшін ойлап тапқан. Яғни технология қай тауардың қайда жатқанын көрсетеді. Енді олар әлеуметтік қашықтықтың сақталуына да көмектеседі. Қазір Осака қаласындағы дүкендердің бірінде тиісті тәжірибе жүріп жатыр. Машина сатушылар арасындағы қашықтықты лазердің көмегімен өлшейді. Қажет болса, дабыл беріп, ескерту жасайды. Одан бөлек камералары мен сенсорларының арқасында адамның маска киген-кимегенін де анықтай алады. Егер келушілер бетпердесіз жүрсе, машина оларға ескерту жасайды. 

Финляндия астанасы Хельскинки ауруханаларының бірінде роботтар коронавирус жұқтырған науқастарды тексереді. Дәрігерлер планшет арқылы машинаны басқарып, науқастармен бейнебайланыс арқылы сөйлеседі. Ал Үндістан өнертапқыштары коронавируспен күреске арнап, роботтың бірнеше түрін жасап шығарған. Олардың бірі ауруханаға кіреберісте адамдардың індетті жұқтырған-жұқтырмағанын анықтайды, басқасы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Тіпті емханада жатқан науқастарды тексеріп, олардың жақындарымен және дәрігермен бейнебайланыс орнатады. Мамандардың айтуынша, ауруханада жатып, туыстары мен достарын көрген адамдардың көңіл күйлері кәдімгідей көтеріліп қалады екен. 

Баладжи Вишванатан, Invento Robotics компаниясының бас директоры:

- Роботтардың медициналық қызметкерлерге көп пайдасы тиіп жүр. Мәселен, олар науқастардың дене қызуын өлшейді немесе өзге де көрсетіштерін бақылайды. Оларға қай уақытта қандай дәрі ішу керектігін еске салады. Бұл технологиялардың арқасында денсаулық сақтау саласындағы жұмыс өнімділігін арттырып, шығындарды қысқартуға болады.

Польшада коронавирусты анықтайтын тесттерге қажетті биоматериалды дрондар жеткізіп жүр. Бұған дейін ұқсас тәжірибе Ұлыбританияда да енгізілген. Мамандардың айуынша, бұл зертхана қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді, уақыт үнемейді. Және ең бастысы, індетті жұқтыру қаупін төмендетеді. 

Ресейде роботтар тек дәрігерлерге ғана емес, басқа мамандарға да көмектесіп жүр. Мәселен, олар Мәскеудегі тарихи мұражайда залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Машина вирустардың көзін жоятын ультракүлгін шамдармен жабдықталған.   

Дмитрий Тетерюков, робототехника зертханасының жетекшісі:

- Біз коронавируспен күреске өз үлесімізді қосып жатырмыз. Роботты жасап шығару жұмыстары сәуірдің аяғында басталған. Жазда сынақтан өткіздік. Ол Гигиена және эпидемиология орталығымен расталған. Робот бөлменің цифрлық картасын құрады. Бөгеттерді анықтап, оларды айналып өтеді. Залалсыздандыру жұмыстарына адамдар қатыспайды. Жай кезде аэрозоль секілді түрлі химиялық реагенттер қажет болса, мұнда тек ультракүлгін сәулелер ғана керек. 

Ресейде қазір «қызыл аймақтағы» дәрігерлерді алмастыратын робот құрастырылып жатыр. Ол дөңгелек арқылы қозғалып, манипулятор қолымен науқастан жағынды мен қан алады, оның өкпесін тыңдайды, ультрадыбыстық зерттеу жүргізеді, палатаға тамақ тасиды. Ғалымдар технологияны жетілдіру мүмкіндігін қарастырып жатқандарын айтады. Сонда робот биоматермалды ешқайда жеткізбей-ақ 40 минут ішінде тест нәтижесін көрсете алады. Инженерлердің есептеуінше, осындай бір машинаның құны 8 миллион рубльға жуықтайды. Оның дәрігерлерге көп пайдасы тиеді дейді өнертапқыштар. Өйткені санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларының сақталуына қарамастан, медицина қызметкерлерінің вирус жұқтыру деректері тіркеліп келеді. Жуырда тіпті коронавирусқа қарсы вакцина салдырған ресейлік дәрігерлерден де індет іздері табылған. Негізі «қызыл аймақта» жұмыс істейтін робот бұған дейін Қытайда да ойлап табылған. Ал Италияда медициналық қызметкерлерге робот-медбике көмектеседі. Бірақ тың технология қарт кісілердің көңілінен шықпаса керек. Олар дәрігермен бетпе-бет сөйлескенге ештеңе жетпейді дейді. Қалай болғанда да сарапшылар қазіргі эпидемиологиялық ахуал кезінде роботтардың зиянына гөрі пайдасы көп екенін айтады.

Хабар 24 телеарнасы