423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ресей аумағындағы коронавирус мутацияға ұшырады

  • 84
  • UPD: 20:55, 20.11.2020

Ресейде коронавирус күн сайын өршіп барады. Таяуда ең жоғары көрсеткіш тіркеліп, бір тәулікте 24 318 науқас анықталды. Індетке шалдыққандардың жалпы саны 2 миллионнан асты. Мәскеудегі жағдай қалай?

Дана Нұржан, тілші: 

- Расында да бұл қауіпті көрсеткіш. Науқастар саны күннен күнге артып келеді. Соңғы тәулікте коронавирустан 461 адам қайтыс болды. Әсіресе Мәскеу, Санкт-Петербург қалалары және Ростов, Иркутск пен Мәскеу облыстарында жағдай ушығып кетті. Ел астанасында ауру жұқтыру бойынша жаңа антирекорд тіркелді, бір күнде ковидты алты мың тоғыз жүз адам жұқтырғаны анықталды. 

Індеттің таралуына тосқауыл қою үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

Дана Нұржан, тілші:  

- Кафе мен мейрамханалар сағат түнгі он бірге дейін жұмыс істеп жатыр. Бастауыш сынып оқушылары мектепке барады. Алтыншы сыныптан бастап қашықтан оқытады. Коронавирусқа осал топтарға кіретін адамдарға үйлерінде жұмыс істеуге нұсқау берілді. Алайда, ең қызығы, тап қазір шектеу шараларының күшейтілуі онша сезілмейді. Көктемде індетке қатысты көрсеткіштер екі есе төмен болған еді. Сол кезде қатаң карантин енгізіліп, жұрт рұқсат қағазбен ғана жүретін, бәрі қашықтан оқып, жұмыс істейтін еді. Қазір болса сауда орталықтары ашық, бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынған жоқ, маска кимегені үшін айыппұл салмайды. Мәскеудегі тіршілік әдеттегідей өтіп жатыр, көбісі тіпті бетперде тақпайды. 

Андрей Звонков, жедел жәрдем қызметінің дәрігері:

- Ең бастысы, бейқам болмауымыз керек. Бұл көзге көрінбейтін жаумен соғыс екенін түсіну қажет. Дұшпан барлық жерде, кез келген адамда жасырынуы мүмкін. Сырттан дені сау көрінген кісінің вирус жұқтырған болуы да кездеседі. Қазір вакцинация басталады. Бір жылда халқымыздың жартысына вакцина ексек, 30 процент тұрақты иммунитетке жетеміз деп ойлаймын. Бірақ тәжірибеміз болмағандықтан мұны да нақты білмейміз. Өйткені вакцина қалай және қанша уақыт қорғайтыны белгісіз.  

Ресми мәліметтер бойынша осал топтарға кіретін 50 мыңдай адамға екпе жасалды. Мамандар Ресейдің 13 өңірінде коронавирустың жаңа мутациялары анықталғанын хабарлады. Алайда вирустың өзгеруі дерттің асқынуына әсер ететіні жайында айғақ жоқ. Ал жүрек-қан тамырлар аурулары өлім қауіпін едәуір арттырады.

Хабар 24 телеарнасы