425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстанда шетелдік инвестицияларға қауіп төніп тұр

  • 99
  • UPD: 09:55, 21.11.2020

Саяси тұрақсыздық қымбатқа соғады. Қырғыз елінде шетелдік инвесторлардың іскерлік бессенділігі төмендеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдары мен шығынды есептеген ел экономистері осылай деп отыр.

Жаппай тәртіпсіздіктер кесірінен әсіресе Қырғыздың кен өндіру саласы қатты зардап шекті. Бағалы және сирек кездесетін металдарды игерумен айналысатын кәсіпорындардың дені шетелдік инвесторларға тиесілі. Алдын ала есептеулер бойынша, тонау және өртеу салдарынан олар 15 миллион доллардан 20 миллион долларға дейін шығынға батқан. Кейбір тау-кен компаниялары бір күн жұмыс істемегеннің өзінде 110 мың доллардан қағылған. Енді қазір үкімет шетелдік инвесторлардың сенімін қайтаруға тырысып жатыр. 

Улукбек Капаров, Қырғызстан инвестицияларды тарту және қорғау жөніндегі агенттігінің сарапшысы:

– Кен өндіруші кәсіпорындарға байланысты түйткілдерді шешу жөніндегі іс-шаралар жүріп жатыр. Олардың қатарында Қытай, Қазақстан және Ресей компаниялары бар. Үкімет салалық және құқық қорғаушы органдарға тапсырмалар берді. Соған сәйкес, тұрғындар және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізу көзделген.

Заң бойынша, депутаттардың өкілеттігі аяқталған. Алайда Жоғарғы Кенештің жаңа құрамы әлі сайланған жоқ. Қашан сайланатыны да белгісіз. Ал жерігілікті экономиканы қолдауға шетелдік гранттар беру туралы келісімдерді парламент бекітеді. Бір ғана Халықаралық валюта қоры түрлі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін жыл сайын 100 миллион доллар бөледі. Елде заңды президент жоқ. Парламент құрамы сайланбаған. Осының бәрі шетелдік инвесторларды қорқытып отыр.  

Дастан Бекешев, Қырғызстан парламентінің депутаты:

– Қазір барлығы президенттік сайлауды күтіп отыр. Саяси доданың нәтижесі қалай болары белгісіз. Сол себепті біраз жоба тоқтап қалды. Егер жағдай тыныш болса, жобаларды жалғастырғысы келетіндер табылатын шығар. Тіпті осында кәсіпорын ашып, сатып алуға ниет білдіргендер де болуы мүмкін. Алайда мен ол туралы әлі естіген жоқпын.

Жуырда Қырғыз үкіметі Қытай билігінен қарыздарын жеңілдетуді сұраған. Мемлекеттің 5 миллиард доллар берешігінің 42 проценті Қытайға тиесілі. Келесі жылы мемлекеттік қарыз бойынша төлемдер жасау үшін шамамен 60 миллион доллар қажет. Алайда АҚШ валютасы қымбаттап барады. Тиісінше төлемдер де көбеюі мүмкін. Ал Қытай тарабы берешекті жеңілдету туралы әлі тіс жармай отыр. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы