423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Арменияда COVID-19 жұқтыру дерегі күрт көбейді

  • 58
  • UPD: 15:42, 21.11.2020

Арменияда тәулігіне орта есеппен 1 жарым мың адам коронавирус жұқтырады.

Бұл – соңғы күндердегі мәлімет. Бұған дейін індет 30 адамның өмірін жалмаған еді. Вирус жұқтыру қарқыны бәсеңдеген сыңайлы, бірақ жағдай әлі де күрделі дейді мамандар. Екінші толқын алғашқысымен салыстырғанда қатты соққы болды. Ауруханаға жатуға ұзын-сонар кезек тұр. Өрімдей жастар көз жұмды. Жұққан індет лезде асқынып, дәрігерлердің әлі жетпей жатыр.

Көктемде індет басталғанда жұқпалы аурулар ұлттық орталығы дәрменсіз күй кешті. Төсек-орын жетіспеді. Алғашқы толқында аулаға қосымша корпус та тұрғызылды. Бірақ бұл да мардымсыз болып шықты. Енді ғана жағдай тұрақталған сияқты. Қазір бас-аяғы 214 науқас емделіп жатыр. Алайда біреуі айығып орын босатса, бірден басқасы келеді. Диагнозы басқа дімкәстар мүлде бас сұға алмайды.

Оганес Мадоян, жұқпалы аурулардың ұлттық орталығы директорының м.а:

– Ковидке, өкпе ауруына шалдықты дегендердің барлығы бізге келеді. Коронавирус күдігімен түскендердің 90 процентінің жұқтырғаны расталады. Бізде тағы мынандай қағида бар: ешкімді далада қалдырмаймыз. Статистика арқылы аурухананы жаманатты қылу деген ұғым бар, бірақ біз оған қарамаймыз.

Армения үшін коронавирустың екінші толқыны ауыр соғуда. Өлім-жітім көп. Жұқтырғандар саны да күрт көбейген. Алдыңғы толқынға қарағанда 3 есе артық. Бұл мәліметтерді жұқпалы аурулар ұлттық орталығының басшысы Оганес Мадоян мәлімдеді. Әрі вирус қоздатқан аурудың асқынуы тез, қайтымы жоқ.

Оганес Мадоян, жұқпалы аурулардың ұлттық орталығы директорының м.а:

– Соңғы айда бізде орташа алғанда 3-4 адамнан ажал құшуда. Өкінішке қарай, ковид жастарды жалмап жатыр. Жастар бұрын да ауыратын, бірақ төсекке таңылмайтын. Қазір 50-ге жетпей індетті жұқтырып, басын көтере алмай қалғандар өте көп.

Коронавирустың өршуіне Аремениядағы саяси жағдайдың да кері әсері бар. Ел астанасында күнде көшеге мыңдаған адам шығады. Мұндайда қашықтық сақтау қайда? Бетпердеге үміт артуға болушы еді, бірақ ереуілге шыққандар масканы місе тұтпайды. 

Айк Халатян, саяси шолушы:

– Бір жағынан, сақтық шараларын ұстануға тырысамын. Бетпердені де тағып жүрмін. Бірақ шыны керек, ковидке бола көшеге шықпай, қол қусырып отыра алмаймыз.

Қазір жедел жәрдем көлігі бұрынғыдай кептелісте тұрмайды. Алайда виртуалды кезек алға жылжымайды. Ковидке шалдыққан науқастарды арнайы құрылған үйлестіру орталығы орналастырады. Мамандар індеттің беті 2-3 аптада қайтады деп болжам айтуда. Бірақ денсаулық сақтау саласына түскен ауыр салмақ әлі сақталмақ. Елде ковидтен көз жұмғандар саны 2 мың адамға жақындады. Ал жұқтырғандар 125 мыңнан асады. Бұл - республика халқының 4 проценті.

Ернат Мелсұлы, Лаура Жүсіпбекова, Тигран Галстян, Давит Атаян

Хабар 24 телеарнасы