419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Египетте ауруханалардан медициналық құрал-жабдықты ұрлайтындар көбейген

  • 88
  • UPD: 12:08, 23.11.2020

Мысыр билігі індетпен арпалысып жатқанда жергілікті қылмыскерлер құйтырқы әрекетін жүзеге асырып жатыр.

Осыған дейін олар маска мен өзге де аурудан қорғану құралдарын үш есе артық бағамен сатып жүрген. Енді ауруханалар мен қоймаларды тонап, қымбат тұратын медициналық құрал-жабдықтарды ұрлай бастады.

Қыркүйек айының басында Гиза қаласының ауруханасынан диализ аппараты ұрланған еді. Екі апта өтісімен Хургада қаласында тап осындай қылмыс қайталанды. Жалпы күзден бері қылмыскерлер бүкіл ел аумағында қырыққа жуық түрлі медициналық құрал-жабдықты жымқырған. Оның жартысы коронавируспен ауырған науқастарды емдеуге қолданылған.

Элберт Фатхаппа, Полиция басқармасының тергеушісі:

- Коронавирус кезіндегі ұрлықтар деп аталған осы қылмыстардың саны күз басында күрт өсіп, індеттің екінші толқынымен қатар келді. Бұдан әсіресе, Луксор, Хургада, Каир, Гиза секілді ірі қалалар, дәлірек айтқанда, ондағы жақсы жабдықталған ауруханалар ауыр зардап шекті. Індеттің кесірінен қылмыс деңгейі артқаны анық. Былтыр туристтік маусым кезінде ұрылар негізінен қалтаға түсетін қарақшылыққа сирек баратын. Бүгінде өткен жылмен салыстырғанда есікті бұзып кіріп тонау үш есе артты.

Полиция бұл қылмыстың барлығын бір топ жасағанына сенімді. Ұрланған құрал-жабдықты шетелге заңсыз шығарып, қымбатқа сатқан көрінеді. Осыған дейін Шубра-эль-Хейма қаласында осыған ұқсас қарақшылық жасаған бір топ қолға түскен еді. Олар түнде медициналық қоймаларды тонап жүрген. Ұрланған маскалар мен дәрі-дәрмекті Судан мен Ливияның базарларында 11 есе қымбат сатқан.

Крикор Рахман, дәрігер:

- Індеттің бірінші толқыны кезінде ауруханаларда қолғап пен маска жетіспеген жағдайлар болды. Наразы жұрт бәріне билікті кінәлады. Негізі қорғаныс құралдары жеткілікті мөлшерде еді. Бірақ қаскөйлер бір түн ішінде қойманың ішіндегі заттың бәрін тонап кеткен. Сондықтан бірнеше сағат ішінде жоғалған дүниені қалпына келтіру мүмкін емес екені түсінікті. Бұл дәрігерлер үшін қиын жағдай. Ал, ұрлықшылар үшін жеңіл олжаға кенелудің тамаша мүмкіндігі. Сұраныс бар жерде ұсыныс бар.

Кейбір мәлімет бойынша қаскөйлер қолға түссе, олар «Ұрлық» бабы бойынша жауапқа тартылмауы мүмкін. Қылмыстың ауырлығы мен қарастырылған жазаны қазір Әділет министрлігінде талқылап жатыр. Билік жабдықтары ұрланған ауруханаларға мэриялер есебінен жаңаларын орнатқан. Шенеуніктер бұл жоспарланбаған шығын екенін мойындап отыр. «Алайда адам өміріне келгенде үнемдеу туралы ойлайтын кез емес», дейді.

Авторлары: Светлана Брахмит, Әмір Мұрад

Хабар 24 телеарнасы