419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2021 жылдың басында коронавирустың үшінші толқыны күтіледі

  • 193
  • UPD: 01:01, 24.11.2020

Алдағы жылдың бас кезінде кәрі құрлықта коронавирустың үшінші толқыны басталуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының болжамы осындай. Аймақта қазірдің өзінде жағдай қиын. Қатаң шектеу шаралары қабылданып жатыр. Ал Франция, Германия мен Португалияда карантинге қарсы шығып жатқандар бар.

Жалпы әлемде қазір коронавирус жұқтырғандардың саны күн санап артып барады. Соңғы мәлімет бойынша 58 млн 900 мыңнан асқан. Ал 1 млн 393 мыңнан астамы көз жұмды. 40 млнға жуығы жазылып шыққан.

Соңғы екі апта бойы коронавирустан көз жұмғандардың көбі Еуроодақ елдерінің тұрғындары екені белгілі. Бірақ осыған қарамастан, ереуілге шыққан жұрт биліктің карантин талаптарына қарсылығын білдіріп жатыр.   

 

ДДСҰ: Еуропада індеттің үшінші толқыны болуы мүмкін

Егер Еуропа елдері коронавируспен күресті күшейтіп, сақтық шараларын жетілдірмесе, келесі жылдың басында індеттің үшінші толқыны басталуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының арнайы өкілі Дэвид Набарро осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Еуропа елдері індетті бақылауға алып, дертке қарсы тұратын қажетті инфрақұрылымды құрмаған. «Мысалы, кеселді жұқтырған адамды дер кезінде анықтап, вирустың таралуын тоқтататын жүйе жоқ» – дейді маман.

 

Германияда шектеулерге қарсы наразылық шарасы өтті

Германия астанасында тағы да карантин талаптарына қарсы шеру өтті. Акцияға бір мыңдай адам қатысты. Шерушілер коронавирусқа сенбейтінін айтып, биліктен барлық тыйымды алып тастауды талап етті.

Берлин тұрғындарының бірі карантинге үзілді-кесілді қарсы болса, енді бірі керісінше шектеулерді қолдайтынын білдіріп, олар да көшеге шыққан. Бұл шараға да қатысқандардың қарасы қалың.

– Біз індетті жоққа шығарып, шектеулерді алып тастау керек деп жатқандарға қарсымыз. Олардың әрекеті қауіпті. Бұл адамдар «коронавирус – астыртын әрекет» деп өздерін саяси шаралардың құрбанымыз деп көрсетеді. Сондықтан олар көшеге шықса, біз де өз ұстанымымызды білдіруіміз керек.

– Қоғам екіге жарылып отыр. Біз қазіргідей қиын кезде ауызбіршілік танытуымыз қажет. Бірге болсақ қана індетке төтеп бере аламыз.

 

Португалияда наразы жұрт ереуілге шықты

Карантиннің шектеу шараларына Португалия тұрғындары да өкпелі. Әсіресе шоу-бизнес саласындағы мамандардың өкпесі қара қазандай. Ереуілге шыққандардың айтуынша, локдаунның салдарынан істері тұралап, көптеген компания орасан зор шығынға батты. Енді наразылар жергілікті билік сала қызметкерліне қаржылай көмек көрсетеді деген үмітте. Айта кетейік, Португалияда желтоқсанның 1-і мен 8-і аралығында өтетін мерекеде мектептер жабылып, тұрғындардың ел ішінде қатынауына тыйым салынбақ. Сонымен қатар елдің 174 ауданында демалыс күндері коменданттық сағат пен локдаун сақталады.

Антонио Коста, Португалия премьер-министрі:

– 27 қарашадан бастап 2 желтоқсанға дейін және желтоқсанның 4-і мен 9-ы аралығы тұрғындардың муниципалитет арасында қатынауына тыйым салынады. Инфекция жұқтыру қаупін азайту үшін мекемелерді уақытша іс-шара өткізуден бас тартуға шақырамыз.

 

Францияның дін қызметкерлері карантинге қарсы

Француз діндарлары шіркеу жұмысының қайта жандануын талап етіп наразылық акциясын ұйымдастырды. Қазір аймақтағы шіркеулер ашық болғанмен, онда ғибадат етуге тыйым салынған.

Белсенді:

– Дегенімізге жетпейінше, наразылықты доғармаймыз. Еріккеннен шығып отырған жоқпыз. Бордо мен Франциядағы барлық католиктердің талабын айтып келдік. Олар шын көңілмен мессаларға барғылары келеді.

 

Чехияда ЕО бойынша ең жоғарғы өлім көрсеткіші тіркелді

Кәрі құрлықтағы тағы бір ел Чехияда соңғы екі аптада 100 мың тұрғынға шаққандағы кісі өлімінің ең жоғары көрсеткіші тіркелген. Еуроодақ елдері бойынша антирейтингтің алғашқы бестігіне Чехиядан бөлек Бельгия, Болгария, Польша мен Словения кіреді.

 

Анкарада коронавирус ырық бермей тұр

Түркияда да коронавирус өршіп тұр. Елде бірнеше аптадан бері қауіпті індетке шалдыққандардың саны едәуір артқан. Тіпті соңғы тәулікте коронавирус жұқтырудың рекордтық көрсеткіші тіркелген. Осыған байланысты өткен аптадан бастап сақтық шаралары күшейтілді.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Түркияда бірнеше күн қатарынан коронавирус жұқтырудың рекордтық көрсеткіші тіркелді. Елде бір тәулікте 6 мыңнан астам коронавирус жұқтырды. Статистикада тек ауру белгілері бар науқастар көрсетілген. Бұл Анадолы елінде қауіпті індет белең алғалы ең жоғарғы көрсеткіш болып отыр. Бұған дейін сәуір айында болған бірінші толқын кезінде ең көп жұқтыру дерегі 5138-ді құраған. Вирустан көз жұмғандар да көп. Соңғы күнде 139 кісі өмірімен қош айтысты. Жұма күні бұл көрсеткіш 141-ге жетіп, қазірге дейінгі ең көп көрсеткішті тіркеді.

Елдегі эпидемологиялық жағдайдың ұшығуына байланысты карантин талаптары күшейтіліп, демалыс күндеріне арналған коменданттық сағат жарияланды. 65 жастан асқан және 20 жастан кішілерге тысқа шығуға шектеу қойылды. Мейрамхана мен дәмханалар тек тамақты өзімен алып кету қызметі бойынша ғана жұмыс істеп жүр. Сондай-ақ оқушылар мен студенттер жыл соңына дейін қашықтан оқытуға қайта көшті. Кинотеатрлар да жаңа жылға дейін ашылмайды. Ал қауіпті індеттің ең көп тараған жері Ыстамбұлда мұражайлар мен өнер орталықтары белгісіз мерзімге дейін жұмысын тоқтатты. Үкімет пен жергілікті әкімшілік, мекемелерге қашықтан жұмыс істеуге кеңес беріп отыр. Ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, COVID-19-бен күрес шеңберінде жүзеге асырылған шектеулер орындалмаса, тағы қосымша шаралар қабылданады.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:

– Халық бетперде киіп, арақашықтық және тазалық сақтап қабылданған шараларды толық орындаған жағдайда ғана бірнеше аптадан соң эпидемологиялық ахуалды бақылауға аламыз. Әйтпесе тағы да қосымша шаралар қабылдауға тура келеді.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Түркия парламентіндегі саяси партиялар мен медициналық қызметкерлер қауымдастығы карантин талаптарын күшейту қажет деген пікірде. Дәрігерлер науқастар ең көп тіркелген Ыстамбұл қаласын 3-4 апта бойы толық карантин енгізіп, қалааралық қатынасты тоқтату қажет дейді.

Еліміздің азаматтары әлі де осы Түркияның туристтік жерлерінде демалып жүр.

Жаңа қабылданған коменданттық сағат туристтердің емін-еркін жүруіне кедергі келтірмейді. Тек өздерімен саяхат агенттіктерінен алған жолдама, тіркелген қонақүйден анықтама алып жүрулері тиіс. Әрине, елде қабылданған карантин талаптарын орындаған жөн. Мәселен, бетперде киіп, арақашықтықты сақтау секілді ережелерді ұмытпау қажет. Сондай-ақ жаңа талаптар қонақүйлер мен оларға тиісті жағажайлардың жұмысына әсер етпейді. Тек қонақүйден бөлек ұйымдастырылатын экскурсиялардың жұмысы тоқтауы мүмкін. Дегенмен алдын ала баратын мекеннің рұқсаты бар ма соны ескерген абзал. Демалыс орындарының қазіргі жұмысы жөнінде қонақүй иесінен сұрап көрген едік. Назарларыңызға маманның жауабын ұсынамын.

Али Қызылдағ, қонақүй иесі:

– 20 қараша күні Ішкі істер министрлігіміздің жариялаған карантин талаптарын күшейту жөніндегі шешімі қонақүйлердің жұмысы мен шетелдік туристердің әрекетіне әсер етпейді. Демалыс орындарымыз бұған дейін қабылданған санитарлық ережелерге сай қалыпты жұмысын жалғастырады. Ал демалушыларымыз қажетті құжаттарын көрсету арқылы сыртта емін-еркін жүре алады. Яғни туристердің әрекетін шектейтін ешқандай жағдай жоқ.

 

Хабар 24 телеарнасы