420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирус Францияда тағы да бір аурудың өршуіне себеп болды

  • 86
  • UPD: 08:42, 24.11.2020

Франция халқы сары уайымға батып, күйзеліске жиі түсетін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті соңғы апталарда осы сырқатқа шалдыққандар саны екі есе өсті. Мамандар мұны карантиндік шектеулермен байланыстырып отыр. Коронавирусты жұқтыру саны бойынша Еуропада бірінші орында тұрған Францияда локдаун тәртібі енгізілген. Және билік оны 1 желтоқсанда алып тастамайтын түрі бар.  

Франция халқы вирусқа қарсы емес, күйзеліске қарсы және ұйықтататын дәрілердәрі жиі ішіп, ішімдіктер мен шылымға әуестеніп алған. 55 күнге жалғасқан бірінші локдауннан кейін жазда халық шектеулерден тынығып алған еді. Алайда қазан айының соңынан бастап билік қайта қатаң карантин шараларын енгізді. Мамандардың айтуынша, екінші локдауннан кейін халықтың жүйкесі айтарлықтай сыр бере бастаған.

Жером Саломон, Франция денсаулық сақтау дирекциясының басшысы:

– Күйзеліс пен уайым туғызатын індеттің кесірінен көбіміз психологиялық ауруларға шалдығуымыз мүмкін. Қыркүйек айының соңынан бастап тоқырау екі есе артқан. Бұл өсім халықтың барлық топтарында байқалды. Әсіресе қаржыдан қысылған жастар мен бұрын да жүйке ауытқулары болған кісілерде жиі тіркеледі.

Ұйқы қашып, зәре ұшу, тәбеттің жоғалуы мен бір нәрсеге назар салу қабілетінен айырылу және ішімдік пен шылымға салыну күйзелістің белгілері саналады. Егер екі апта бойы көңіліз болмаса, дәрігерлерге қаралу керек дейді мамандар. Францияда осы ауруға шалдыққандарға еңбекке уақытша жарамсыз деген парақ жазылып, емдеуге жібереді. Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, бүгінде жұмыс істейтін әрбір екінші француз депрессияға ұшыраған. Ал бұл кесел елде ең көп тараған 3 аурудың қатарында тұр.

Светлана Котина, әлеуметтік психолог:

– Коронавирус індетіне қоғамымыз дайын болған жоқ. Біз мамандар ретінде оның адам жүйкесіне төндірген қауіпін көріп отырмыз. Осындай жағдайда көптеген адамдардың мазасы кетіп, стресс пен сары уайымға бататыны анық. 

Күйзелістен өз күшімен құтылу қиын. Бірақ алдын алудың тиімді шаралары бар. Күн кестесін сақтап, ұйқы қандырып, спортпен айналысқан абзал. Сондай-ақ гаджеттерді аз пайдаланып, ішімдік пен шылымға жоламау қажет. 

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

Хабар 24 телеарнасы