429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еуропаның кей елдері мереке қарсаңында карантин талаптарын жеңілдетпек

  • 185
  • UPD: 20:47, 24.11.2020

Коронавирус жер жаһанды қайта кезіп келеді.

Қазір қауіпті дертке шалдыққандардың саны 59 мыңнан асты. Вирусты тежеуге әлем елдері жаппай жұмылғанмен нақты нәтиже жоқ. Мылтықсыз майданда әзірге вирустың ғана әмірі жүріп тұр. Ал, Еуропаның кей елдері алдағы мереке қарсаңында карантин талаптарын жеңілдетпек. Оған не себеп?

Арайлым Жақсылыққызы, тілші:

- Англия, Франция , Испанияның кей өңірлері локдаунды жеңілдете бастағанмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл мемлекеттерге әр қадамын аңдап басуға кеңес беріп отыр.

Англияда бірнеше аптаға созылған жеңіл локдаун аяқталуға жақын. Бірақ оның орнына қайтадан үш сатылы шектеу шаралары жарияланады. Бұл туралы үкімет басшысы Борис Джонсон хабарлады. Енді желтоқсанның 3-інен бастап ағылшындардың топтасып жиналуына рұқсат. Тек топ 6 адамнан аспауы керек. Бұдан бөлек, бірқатар мекеменің қызметі қайта жанданады. Мәселен соңғы екі апта ішінде Корольдікте вирустың көбею индексі сәл де болса төмендеген екен. Қазір елдегі емханалардың 50%-інде ғана науқастар жатыр.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Келесі сәрсенбіден бастап азаматтар қалаған уақытында үйден шығып, кез келген ашық қоғамдық орындарда кездесулер өткізе алады. Тек бекітілген алты ереже сақталуға тиіс. Бұдан бөлек, ұжымдық ғибадат етуге, үйлену тойларын өткізіп, ашық аспан астында спортпен айналысуға да рұқсат берілуі мүмкін. Сонымен қатар азық-түлік емес дүкендердің де ашылып қалуы ықтимал. Дей тұрғанмен, сақтық шаралары сақталмаса, вирус қыс кезінде қайта қарқын алуы мүмкін.

Карантиннің жеңілдеуіне үшінші тоқсандағы экономикалық көрсеткіштердің төмендеуі де себеп болса керек. Өйткені осы аралықтағы өсім көрші мемлекеттерге қарағанда айтарлықтай баяу болған.

Ал, 40 күндік карантиннен кейін Барселонада барлар, мейрамханалар мен дәмханалар қайта ашыла бастады. Бұған аймақтағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуы себеп. Десе де, Каталонияның басты шаһарында жарияланған коменданттық сағат өз күшінде қалмақ. Рождество қарсаңында Мадридте де көптеген кәсіпорындар ашылуы кәдік. Бірақ билік өкілдері жағдай ушыға бастаса шектеу шаралары қайта жарияланады деп ескертеді.

Лиза Санрокко, жергілікті тұрғын:

- Алаңсыз сыртқа шығып, достарымызбен кездесе алатынымызға өте қуаныштымын. Біраз шаруамызды да тындырып тастайтын болдық. Әрине, коменданттық сағаттың салдарынан қиыншылықтар тууы мүмкін. Сонда да бұдан былай жағдай тұрақтала бастайды деген үміт бар.

Ал, Франция тұрғындары ел президентінің үндеуін асыға күтіп отыр. Бүгін кешкісін Эммануэль Макрон карантиннің жеңілдеуі жайында жаңалықпен бөлісуі тиіс. Жергілікті тұрғындар қазір Рождество мерекесіне керегін алып, туғандарына сыйлықтарды алдын ала дайындап қоюға ниетті.

Ал, АҚШ-та осы апта Алғыс білдіру күні деп аталатын мереке басталады. Осыған орай Америка тұрғындары жаппай коронавирусқа тест тапсыра бастады. Өйткені бұл күні туған-туыстардың басы қосылып, дәстүрлі мерекені бірге атап өтеді. Осылайша, жақындарына жанашыр халық өзгелерге қауіп төндірмейтініне сенімді болмақ. Ал, сарапшылардың пікірі сан алуан. Мамандар «індеттің алғашқы белгілері вирус жұқтырғаннан кейін екі апта өткен соң ғана пайда болуы мүмкін» дейді. Яғни тесттің теріс нәтижесі адамның вирустан құлан таза екенін білдірмейді.

Холли Фуллер, Вашингтон қаласының тұрғыны:

- Біз мерекені әдеттегідей отбасымызбен қарсы алсақ па дейміз. Сондықтан вирустан алдын ала сақтанып, тест тапсыруға келдік. Әжемізге де 100-ге келеді. Кесел жұқтырып алмау үшін тексерістен өту маңызды.

Ал, Дүниежүзілікд сақтау ұйымы Жаңа жыл мерекесінің алдында карантин талаптарын жеңілдету өте қауіпті екенін ескертті. Ұйымның Төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Майкл Райан «эпидемиологиялық ахуалы күрделі аймақтарда барныша сақтық танытып, бақылауды босаңсытпаған жөн» дейді.

Майкл Райан, ДДСҰ Төтенше жағдайлар жөніндегі директоры:

- Мемлекет басшылары қауіптілікті тек болжай алады. Осыны түсінген жөн. Мерекеге орай карантиндік шаралар жеңілдетілгенмен, одан кейін аймақтағы эпидемиологиялық ахуалдың одан бетер нашарламайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.

Хабар 24 телеарнасы