419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ДДСҰ: Соңғы екі аптада COVID-19 дертінен өлім-жітім көрсеткіші 18%-ке артты

  • 139
  • UPD: 23:37, 24.11.2020

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, соңғы бір тәулікте әлемде коронавирусты жұқтырған 543 мың науқас анықталып, 7 мыңнан астам адам қайтыс болды.

COVID-19 аурынан өлім-жітім көрсеткіші жоғары Еуропада әр 17 секунд сайын бір адам бұл дерттен көз жұмады. Бұл туралы онлайн-брифингте телеарнамыздың сауалына жауап берген  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық бөлімінің директоры Ханс Клюге мәлімдеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге «өлім көрсеткішін азайту үшін барлық ережелерді мұқият сақтап, жалған ақпаратпен күресу керек», дейді.

Ханс Клюге, ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры:

- Соңғы екі аптада COVID-19 дертінен өлім-жітім көрсеткіші 18%-ке артты. Өткен аптада Еуропада бұл аурудан 29 мыңнан аса адам қайтыс болды.

Бұл әр 17 секунд сайын бір адам көз жұматынын білдіреді.

Тілшіміздің жартылай карантин енгізудің шарттары қандай болады деген сұрағына Ханс Клюге локдаун қабылдамауға да болатынын айтты. Бірақ бұл үшін жұрттың бәрі бетперде киіп, барлық санитарлық шараларды сақтауға тиіс.

Ханс Клюге, ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры:

- Локдаундарға қатысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросы ахуалдың күрделігіне қарай шектеу шараларын біртіндеп қабылдау керек деп санайды. Наурыз айындағыдай барлық мектептер мен кәсіпорындарды жабуға болмайды. Бұл шара індеттің таралуын бәсеңдеткенмен, халық пен экономикаға кері әсерін тигізді. Қазір көп нәрсені үйрендік, сондықтан экономика мен азаматтардың әл-ауқатына тиетін зиянын ескеріп, шара қабылдауға нұсқау беріп отырмыз.

Ұйым мамандары пандемия кезінде бастауыш сынып оқушылары мектепке барып оқуы керек деп санайды. Балалар мен жасөспірімдер ауруды аса таратпайтындықтан, мектептерді жабу – тиімсіз шара. Ал Рождество мен Жаңа жыл мейрамдары кезінде аса сақ болу қажет.

Ханс Клюге, ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры:

- Биыл Рождество ерекше болады. Дегенмен, бұл мейрам көңілсіз өтеді деген сөз емес. Рамазан айында жұрт ауызашар ұйымдастырудың қауіпсіз жолдарын тапты. Бұл онлайн-тапсырыс бен мерекелік асты үйге жеткізу.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде вакцинаның көптеген түрі шығарылып жатқанына риза. Өйткені көп ұзамай тиімді препаратқа қол жететіне үміт мол. Алайда халықты жаппай вакцинациялауға айлап уақыт кететін түрі бар. Ұйым мамандары тұмау мен пневмококк инфекциясына қарсы да екпе жасауға шақырып отыр. Ол өкпе қабынуының ауыр түрлері мен менинигиттен сақтауы мүмкін.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы