430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Чехия кәсіпкерлері карантиннен келген шығынның өтеуін сұрап отыр

  • 172
  • UPD: 09:25, 25.11.2020

 

Олардың көбі – ойын-сауық орталықтарының иелері.

Көптеген түнгі клуб пен мейрамхана жарты жыл бойы толыққанды жұмыс істеген жоқ. Салдарынан кәсіп құрдымға кетіп барады.

Алғаш рет карантин жариялағанда Чехия билігі жеке меншік бизнеске қолдау көрсету үшін қаражат та, мүмкіндік те мол деп сендірген еді. Індеттің бірінші толқыны кезінде кафе, мейрамханалар мен клубтар жабылып, экскурсиялар өткізілген жоқ. Кәсіпкерлердің бұдан қанша шығынға ұшырағанын есептеу қиын. Соңғы мәлімет бойынша сол кезде екі мыңдай мекеме банкрот болған. Ал енді індеттің екінші толқыны кезінде енгізілген шектеулер қызмет көрсету саласындағы компаниялардың 70%-ін тақырға отырғызуы мүмкін.

Ян Волрачков, дәмхана иесі:

– Билік әзірше бұл мекемелерді жаппайтын болды. Бірақ жұмыс мерзімі келушілерге ыңғайсыз. Тек кешкі сағат 20:00-ге дейін ашық. Қонақтар санын бірнеше есе азайттық. Әр үстелге екі адамнан артық отырғызуға болмайды. Халық жиналмасын деп тегін WI-FI таратуға тыйым салынды. Нәтижесінде жұрт бізге келмейтін болды. Шығынымызды ақтасақ қуанамыз. Пайда табуды тіпті армандамайтын да болдық. 

Індеттің бірінші легінде мемлекеттен шұғыл көмек 61 мекемеге қажет болды. Ал соңғы бір айда 400-ден аса компания жәрдем сұрады және күн сайын олардың саны артып келеді. Жалпы жеке меншік бизнесті сақтап қалу үшін үкіметке жүздеген миллион доллар бөлу керек.

Петр Глус, заңгер:

– Жүзеге аспай қалған шетелдік сапарларына қатысты шығындарына өтемақы ретінде турфирмалар ең көп қаражат сұрап отыр. Сондай-ақ дүкендер, мейрамханалар мен қонақүйлердің жабылуынан зор шығынға ұшыраған азық-түлік компанияларға қаржылай көмек қажет. Мұның бәрі – қыруар ақша. Үкімет, әрине, жеке меншік компанияларға жәрдем береді, бірақ олар күткен қаржы толық бөлінеді деп ойламаймын.

Чехияда карантин шектеулерінен 500 мың кәсіпкер зардап шекті. Осыған дейін үкімет әрқайсысына 600 доллар мөлшерінде қаржылай көмек берген еді. Алайда, бизнесмендердің айтуынша, бұл сома жалға алған мекемелерінің құнын да өтеуге жетпепті. Кафе мен мейрамханалар Рождество мейрамына үлкен үміт артқан еді. Алайда жақында парламент мерекелік шаралар мен жәрмеңкелер өткізуге тыйым салды.

Авторлары: Александр Грэс, Павел Невид

Хабар 24 телеарнасы