419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Иранда шектеу шаралары қатаңдатылды

  • 67
  • UPD: 14:58, 25.11.2020

Иран астанасы Тегеранда індетке қатысты жаңа шектеу шаралары енгізілді.

Бұған өңірдегі коронавирустың күрт көбейіп кетуі себеп болды. Бірнеше күн қатарынан елде 13 жарым мың науқас анықталған.

Алдағы екі аптада көңіл көтеру мен қоғамдық тамақтану орындарының түгелі жабық болады. Тек дәріханалар, ауруханалар, өрт сөндіру қызметі секілді бірінші деңгейдегі мекемелер жұмыс істейді. Халықтың көпшілігі қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Жаңа ережелерге сәйкес әр кәсіпорында қызметкерлердің саны 30%-тен аспауы тиіс.

Махмуд Нагихани, саяси сарапшы:

Әлеуметтік шектеулермен қатар қалалар арасында қатынауға рұқсат жоқ. Сондай-ақ сағат кешкі 21:00-ден таңғы 04:00-ге дейін такси мен жедел жәрдем көліктеріне рұқсат берілді. Қалған автокөліктердің жүріп-тұруына шектеу қойылды. Ережені бұзғандарға 40 доллар мөлшерінде айыпұл салынады.

Соңғы апталарда Иранды індет дендеп барады. Әсіресе ел астанасында жағдай күрделі. Тегеран қаласында коронавирусқа тесттің нәтижесі болмаса, автобус пен таксиге отырғызбайды.

Мехди Бозорг, саяси сарапшы:

– Жазда болған індет толқыны қауіпсіздік шараларын сақтау жеткіліксіз екенін көрсетті. Аурудан сақтанудың ең тиімді жолы – толығымен оқшауланып, ешкіммен қатынаспау. Денсаулық сақтау министрлігіміз күнара дерттен қорғану әдістерін айтып жатыр. Алайда халық осы шектеулерден жалығып кетті, еркін жүруді қалайды.

Бүкіл әлем індеттің екінші толқынымен арпалысып жатса, Иран билігі үшінші толқынмен күресіп жатқанын айтады. Дегенмен бұл жолы дертті толығымен жеңетініне үмітті. Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің мәлімдеуінше, жақын арада вирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізудің ақтық кезеңі басталады.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмұд Махмұди

Хабар 24 телеарнасы