419,78 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Израильде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жүріп жатыр

  • 129
  • UPD: 14:42, 25.11.2020

Бүгін – әлем бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес күні.

Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар барлық елде бар. Израильде коронавирус індеті басталғалы отбасындағы озбырлық үш есе артқан. Бұл елдегі тілшіміз зәбір көрген әйелдер паналаған мекенге барып, олармен кездесті.

Терезелерге тор орнатылған, жан-жақта бейнекамералар, барлық есікте темір құлып. Өзіңді құпия бір әскери нысанға келгендей сезінесің. Расында да, құпия мекеме. Қай жерде орналасқанын білдіртпей түсіру керек. Ал тұрғындардың бет-әлпетін көрсетуге мүлдем болмайды. Бұл жерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір көрген әйелдер жасырынады.

Яэль Левин, арнайы мекеме жетекшісі:

– Әйелдердің өміріне нағыз қауіп төнген жағдайлар болып тұрады. Олар үшін бұл – соңғы баратын жері. Мұнда өзіне келіп, әрі қарай қалай өмір сүру керектігін түсіне алады.

Әйелдер мұндай мекемелерді бір жыл паналай алады. Содан кейін пәтер іздеп, өз тірлігін жасауы тиіс. Бұл әйел осында дәл бір жыл тұрған екен. Болашақ жарына ғашық болып, тұрмысқа шыққан. Алайда қалай тозаққа түскенін өзі де байқамай қалды.

Жәбірленуші:

- Ивритте өзге тілдерде жоқ «алимут калькалит» ұғымы бар. Бұл қаржы жағынан қысу дегенді білдіреді. Озбырлықтың бірнеше түрі бар. Намысыңды қорлап, кемсітуі мүмкін. Туыстары мен достарымен қатынасуға рұқсат бермейді. «Оқыма, ешқайда барма, мұның саған қажеті жоқ, керегінің бәрін мен әкелемін», – дейді. Бұл да озбырлық саналады.

Әлемнің өзге елдеріндей Израильде де індет кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық артып кетті. Былтырғы жылмен салыстырғанда саны үш есе өсті.

Мария Подгаецки, бағдарлама директоры:

– Осыған байланысты Әлеуметтік қамту министрлігі арнайы науқан ұйымдастырды. Жедел желімізге хабарласуды сұрап, онда істейтін қызметкерлер санын арттырдық. Ол тәулік бойы жұмыс істейді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бағдарламасы осыдан үш жыл бұрын қабылданған. Алайда қаржы бөлінбей, жүзеге аспай қалды. Індет кезінде озбырлық саны күрт артқаннан кейін қаражат табылып, ел аумағында жаңа көмек беру орталықтары ашылып жатыр.

Мария Подгаецки, бағдарлама директоры:

– Полиция немесе әлеуметтік қызметте іс ашпай-ақ, осы орталыққа жүгінуге болады. Қандай құқығы бар екенін және қалай әрекет етуге болатынын түсіндіреміз. Полиция немесе сотқа арыз беру керектігін осында шешеміз. Тергеушілер де осында келеді. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Керек болса, балаларымен бірге осы орталықта қала алады.

Интернет сауалнама арқылы сұрақтарға жауап бере отырып, жәбірленуші жағдайдың қаншалықты қатерлі екенін түсініп шешім қабылдай алады. «Қол көтерсе, қызғаныштан, мені сүйгенінен» деген ұғымның қате екенін, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ауыр қылмыс екенін түсіну үшін ондаған жылдар кетті. Психологиялық, физикалық зорлықтың кез келген түрімен қоғам да, билік те жұмыла күресуі тиіс.

Авторы: Сергей Ауслендер

 

Хабар 24 телеарнасы