425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Эфиопия халқы Суданға бас сауғалап жатыр

  • 311
  • UPD: 22:53, 25.11.2020

БҰҰ-ның мәліметі бойынша 3 апта бұрын басталған атыс-шабыстан қашқан 40 мыңға жуық адам Суданға өткен.

Осының салдарынан аймақта гуманитарлық дағдарыс басталды. Жергілікті билік мигранттар арасында коронавирустан өзге де аурулар жаппай тарап жатқанын айтады.

Коронавирустың кесірін босқындарда да тартып жатыр. Өз еліндегі қанды қырғыннан бас сауғалап қашқандардың жай-күйі соңғы апталарда одан сайын қиындай түсті. Барар жер, басар тауы жоқ кірмелер бір түйір нанға зәру. Одан қалды, уақытша лагерлерде ауызсу тапшы. Мұндай да жекебастың гигиенасы туралы айтудың өзі артық. Мамандар босқындар арасында коронавирустан басқа да аурулардың өршіп бара жатқанын айтады. 

Уилл Картер, «Босқындар ісі жөніндегі норвегия кеңесі» ұйымының өкілі:

– Мұнда адам баласының тұруы мүмкін емес дер едім. Ешқандай жағдай жоқ. Аймақта гуманитарлық дағдарыс белең алды. Халықтың киер киімі, ішерге асы, қалтасында көк тиыны жоқ. Көбі жақындарынан айырылған. Біз қолдан келгенше көмектескіміз келеді. Қаражат жинап жақын арада ең қажетті заттарды жеткіземіз.

Қазір мыңдаған босқын мекендейтін бұл лагерь гуманитарлық көмекке мұқтаж. Жуырда аймақта балалардың білім алуы үшін оқу орталығы ашылған. Алайда онда қажетті оқу құралдары жеткіліксіз. Аймақтағы гуманитарлық көмек көрсететін қорларға да биыл ауыр тиді. Мәселен, тақауда су тасқынынан 9 млн-ға жуық Судан тұрғыны да апаттан айтарлықтай зардап шеккен. Ал Гадариф штатының билігі алдағы жарты жылда аймаққа тағы 200 мыңдай адам келуі ықтимал дейді.

Сүлейман Әли Мұса, Гадариф штатының губернаторы:

– Біз бұған мүлдем дайын емеспіз. Өңірге дәрі-дәрмек жеткізу де қиынға соғып тұр. Қаншама адамның тағдыры қыл үстінде. Жағдай күн өткен сайын ушығып барады. Лагердегі түрлі аурулар мен вирустар ел аумағына да тарап кетуі мүмкін. Мәселеге БҰҰ мен өзге де босқындар ісі жөніндегі халықаралық ұйымдар араласпаса болмайды.

Терхас Адисо, босқын:

– Бізге көмек керек. Эфиопиядағы қанды қырғыннан қашып осында келдік. Енді қаңғыған оқтан емес, аштықтан өлетін болдық.

БҰҰ аймақтағы лагерьге шамамен 200 млн доллар бөлуге ниетті. Құжат әзірге толық мақұлданған жоқ. Сонымен қатар аталған ұйым атыс-шабыстың өтінде тұрған Тыграй штаты арқылы гуманитарлық дәліз ашу үшін Эфиопия билігімен келіссөздер жүргізуде. Судан билігі осы мәселені тез арада шешуді сұрап отыр.

Хабар 24 телеарнасы