419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Америкалықтар Алғыс айту күніне дайындалып жатыр

  • 141
  • UPD: 14:02, 26.11.2020
Америкалықтар Алғыс айту күніне дайындалып жатыр

Ертең Америка Құрама Штаттарының халқы Алғыс айту күнін тойлайды.

Қарашаның соңғы бейсенбі күнін мерекелеу сонау XVIII ғасырдан бері дәстүрлі түрде жалғасып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әдетте мереке қарсаңында отбасы мүшелері мен туған-туыс, дос-жаран, құрбы-құрдас бас қосып, бір дастарханның басына жиналады. Осылайша, бір-біріне алғыс айтады. «Алайда биылғы 2020 жылғы Алғыс айту күні өзгеше тойлануы мүмкін», - дейді мамандар.

Талғат Алманов, тілші:

- Биылғы Алғыс айту күні бұрынғыдан өзгеше. Оған себеп әлемді дүрліктірген пандемия болып отыр. «Қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында қонаққа барып, үй-үйді аралаудан бас тарту керек», - дейді мамандар. Алайда мереке қарсаңында ковид індетіне тексерілуге ниет білдірген азаматтардың саны артып, тестілеу орталықтарының алдында ұзын-сонар кезек қалыптасты. «Мұндай немқұрайлық жалғасса, індетті жұқтырғандар саны алдағы 1-2 күннің ішінде күрт артуы мүмкін», - дейді мамандар. Елдің бас иммунологы Энтони Фаучи де мерекені үйде отырып қарсы алуға шақырды.

Энтони Фаучи, иммунолог:

- Қазіргі жағдайда тәртіпке бағыну маңызды. Адамдардың әлі де немқұрайлық танытып отырғыны мені таң қалдырады. Қоғамға дерттің қауіпті екендігін түсіндіріп, санасына сіңіру өте күрделі жұмыс екен.

Ал Нью-Йорк университетінің студенті Маделин Гандерсон жырақтағы ата-анасына бармай, мерекені үйде отырып қарсы алуға келіскен. «Қазіргі жағдайда денсаулықты ойлаған жөн», - дейді ол.

Маделин Гандерсон, Нью-Йорк қаласының тұрғыны:

- Бұл мерекенің америкалықтар үшін маңызы зор. Қазір АҚШ-тағы денсаулық сақтау мамандарының «барлығы үйде отырып, қонаққа бармаңыздар» деп айтып жатыр. Бірақ екінші жағынан мұндай шектеу кейбір адамдар үшін ауыр болуы мүмкін. Мәселен, басқа штатта оқитын жастар бір жыл бойы ата аналарымен қауышуды аңсап келген еді. Ал енді ол мүмкіндіктен де айырылып отыр.

Биыл Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылатын Ұлттық футбол лигасының кейбір ойындары да кейінге шегерілді. ЖОО-дағы әкімшіліктері басқа штаттарға саяхаттаудан бас тартып, студенттермен насихат жұмыстарын жүргізуде. «Дегенмен, әуежайдағы халықтың қарасы күннен күнге артып келеді», - дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Хабар 24 телеарнасы