419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 61 миллионға жуықтады

  • 118
  • UPD: 21:43, 27.11.2020

Әлемде коронавирус індетін жұқтырғандар саны күн сайын артып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Статистика бойынша вирусқа шалдыққандар қатары 61 млн-ға жуықтады. Соңғы тәулікте науқастардың саны 583 мыңға артқан. Ауру өршіп тұрған алғашқы үштікте АҚШ, Үндістан мен Бразилия тұр. Жалпы Латын Америка елдеріндегі эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Кей мемлекеттерде халық карантинге қарсы наразылық акциясын ұйымдастырып, ереуілдетіп жатыр.

Науқас саны бойынша әлем елдері ішінде үшінші тұрған Бразилияда пандемия басталғалы 6 млн 200 мыңнан астам адам инфекцияға шалдыққан. 171 мыңы көз жұмды. Қазір аймақта аурудың екінші толқыны өршіп тұр. Салдарынан ауруханаларда бос орын қалмады. Мамандар науқастарды орналастыру үшін уақытша шатырлар құрған. Мысалы Сан-Паулу қаласында соңғы бірнеше аптада дала госпитальдері 69%-ке артты. Дәрігерлер «жағдайдың бұлай ушыққанына жергілікті халықтың да қосқан үлесі көп», дейді. Мәселен тұрғындар мамандар кеңесіне құлақ аспай, қауіпсіздік шараларға немқұрайлық танытып жүрген көрінеді.

Джимми Тейшейра, медицина қызметкері:

- Аймақтағы дімкәс жандардың қатары едәуір азайған еді. Ал бүгін бұл көрсеткіш қайта өскенін байқап отырмыз. Халық санитарлық нормаларды сақтамай тым ерте босаңсып кетті.

Розилен Душ Сантуш, жергілікті тұрғын:

- Жаңа жылды отбасыммен бірге қарсы алам деп жоспарлаған едім. Алайда мен ойлағандай болмады. Жақынымнан айырылып қалдым. Жұрт әлі күнге дейін аурудың қаншалықты қауіпті екенін түсініп жатқан жоқ. Бұл қалжың емес. Індет адам өміріне өте қауіпті екенін түсінетін кез келді.

Коронавируспен ауырған Бразилия президенті вирустың қауіптілігін мойындамай, індетке қарсы вакцинаны қабылдаудан бас тартты. Саясаткер халыққа жолдаған үндеуінде тұрғындарды екпе егуге шақырмайтынын жариялады. Бетперденің вирустан қорғайтынына да күмәнмен қарайтынын білдірді. 

***

Мексикада бір тәулікте 8 мың адам коронавирустың құрығына ілікті. Тағы 645 тұрғын көз жұмды. Бүгінде Мексика науқас саны бойынша Бразилиядан кейінгі төртінші орында тұр. Елде COVID-19 індетінен қаза тапқан медицина қызметкерлерінің де қарасы қалың. Жергілікті билік «елде жаппай вакцинациялау шарасы желтоқсан айының ортасында басталады» деп сеніммен айтады. Ал, жергілікті билік тұрғындардың қозғалысын QR-код арқылы қадағалау жобасын іске қоспақ. Әр адам сауда мен қоғамдық тамақтану орындарына кірер алдында телефон нөмірін тіркеуі керек. Сол арқылы ауру жұқтырған науқаспен байланыста болған кез келген жан тез арада табыла қояды.

Мануэль Лопес, аспаз:

- Қазір барлық сақтық шаралары қолға алынып жатыр. Билік өте жақсы бастаманы қолға алды. Бұл жобаны ертерек іске асырса, қанша адамды аурудан аман сақтап қалар ма едік?! Адамдар барынша сақ болуы керек.

***

Аргентинада да жағдай мәз емес. Өткен тәулікте 8 600-ге жуық адамға коронавирус диагнозы қойылған. Осылайша, пандемия басталғалы індетке шалдыққандардың жалпы саны 1 млн 400 мыңға таяп, көз жұмғандар 37 мыңнан асты. Бұл туралы осы елдің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Елдегі күрделі ахуалға қарамастан Күллі әлемге аты әйгілі футболшы Диего Марадонаны ақтық сапарға шығарып салу үшін мыңдаған адам жиналды.

Жерлеу рәсімінде Буэнос-Айрес көшелеріне осыншама адамның шыққаны әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Желі қолданушыларының көбі шектеу шараларына қарамастан әйгілі спортшымен қоштасуға келгендерді қатаң сынға алған.

Блиц 1:

- Әрине, қазіргі жағдайды түсініп отырмыз. Алайда қазалы хабарды естіген соң қалай үйде отырамыз. Марадонаның өз еліне деген махаббатын сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Сондықтан ел болып, ұлт болып оны соңғы сапарына шығарып салуымыз керек.

Блиц 2:

- Иә, пандемия кезінде ауру жұқтыру қауіпі өте жоғары. Дегенмен, бұл бәрімізге ортақ қаза. Марадона біз үшін барын салды, есесіне еш нәрсе сұраған емес. Бұл аргентиналықтар үшін орны толмас қаза.

***

Вирус өршіп тұрған Перуде де жуырда медицина қызметкерлері Лима қаласында ереуілге шықты. Денсаулық сақтау министрлігі ғимаратының алдына жиналған жұрт жалақыны көтеру мен еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. Перулік дәрігерлер айлықтың аздығына байланысты қосымша табыс көзін іздеп, жеке клиникаларда жұмыс істеуге мәжбүр.

Хабар 24 телеарнасы