419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайда шетелдік өнімдерге қатысты санитарлық шаралар күшейтіліп жатыр

  • 96
  • UPD: 08:53, 28.11.2020

Қытайда шетелден әкелінетін мұздатылған өнімдерге қатысты санитарлық шаралар күшейтіліп жатыр.

Вирус осы өнімдерді тасымалдайтын контейнерлерден де жұғуы мүмкін еді. Тап осындай оқиғалар Шанхай қаласы мен Шыңжан аймағында тіркелді. Соңғы айда елде эпидемиологиялық бақылау шаралары күшейтілді. Қытай үкіметі осылай алдағы қысқы маусымға дайындалып жатыр.

Мектеп пен балабақшалардың әкімшіліктері ата-аналарға хабарлама жіберді. Егер олар импортталған тауарлар мен контейнерлік тасымалдаумен айналысатын компанияларда жұмыс істейтін болса, өзі туралы мәлімет беруі қажет. Өйткені коронавирус дерті мұздатылған өнімдердің қаптамасынан ғана емес, контейнерден де жұғуы мүмкін екені анықталған. Жергілікті мамандардың айтуынша, осындай суық ортада вирус ұзақ сақталады екен.

У Цзунью, ҚХР Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының бас эпидемиологы:

– Респираторлық аурулар науқаспен қол алысқанда немесе бір тұтқаны ұстағанда жұғады. Алайда қазір мұздатылған өнімдер сақталған қаптамалардан, мәселен, бос контейнерлерден де вирус жұғуы мүмкін. Вирустың осындай жолмен жұққаны жайлы жаңа деректер Шанхайда болған.

«Сақтықта қорлық жоқ» деп, Бейжің қаласының билігі қауіпсіздік шараларын күшейтпек. Шетелден келетін барлық сәлемдеме енді екі реттен залалсыздандырылады. Алдымен әуежайда, кейін сұрыптау орталығында. «Вирусты өлтіретін ерітінді қаптамаға қауіпсіз», – дейді мамандар. Ал осы салада істейтін қызметкерлер үнемі тестілеуден өтетін болды.

Ли Нин, Азық-түлік өнімдері қауіпсіздігін бағалау жөнінде мемлекеттік орталық директорының орынбасары:

– Олар арнайы киім, бірреттік медициналық маскалар мен қолғаптар киюі тиіс. Қажет болғанда қорғаныш көзілдірік пен пластик экранын тағуы керек. Сондай-ақ тасымалдау барысында мұздатылған өнімдердің бетін ұстауға болмайды. Жұмыс аяқталғаннан кейін бірден қолын антисептиктермен өңдеп, жууы қажет. Сондай-ақ осы қызметкерлерді тестілеу күшейтіледі.

Мамандар алдағы қыста коронавирусты жұқтыру қаупі артатынын ескертті. Қытайда ұзаққа созылатын Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мейрамы да үлкен сынақ болатын түрі бар.

Авторлары: Ботагөз Сырғабаева, Айгерім Сүлейменова

Хабар 24 телеарнасы