419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Израиль мен Иран арасының ушығуына не себеп?

  • 120
  • UPD: 11:08, 30.11.2020

Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай ушығып барады. Израиль мен Иранның арасындағы текетірес күшейе түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Израиль әскері аяғынан тік тұрып, қақтығысқа сақадай-сай отыр. Одақтасы – АҚШ Парсы шығанағына соғыс кемелерін шұғыл аттандырды.

Жағдайдың ушығуына Иранның ядролық бағдарламасына басты жауапты физик Мохсен Фахризаденіің өлімі себеп. Ресми Тегеран оны Израильдің барлау қызметі өлтірді деп айыптады. Бұл туралы парсы елінің президенті Хасан Рухани мәлімдеген. Аятолла Әли Хаменей кек қайтаруға уәде берді.

Аббас Аслани, саяси сарапшы:

– Мұндай даулы мәселеде израильдіктердің тәжірибесі бар. Тіпті Фахризаденің өлімі олар үшін тиімді болуы мүмкін. Бұл іске басқа елдердің, оның ішінде кейбір одақтас араб мемлекеттерінің қатысы бар ма? Мәселе осында.

Негізі Израиль марқұм ғалымның еврей барлаушыларының қатаң бақылауында болғанын жоққа шығармайды. 2 жыл бұрын «Моссад» жансыздары Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мұрағатты тура Тегеранның өзінен алып кеткен болатын. Сол кездегі сөзінде Израиль премьері Фахризаденің аты-жөнін атаған еді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

– Иранның Қорғаныс министрінің жаңа нұсқауы бойынша жұмыс жасырын әрі ашық жүргізіліп, жаңа ұйымдар құрылмақ. Бұл туралы жоба жетекшісі Мохсен Фахризаде мәлімдеді. Осы есімді жаттап алсаңыздар деймін. Ол тікелей бұйрық берген. Жұмыс ғылыми ноу-хау жаңалықтары ретінде жарияланады. Бірақ бұл ядролық қаруды жасау бағдарламасының жалғасы болуы мүмкін.

Кейбір сарапшылар Фахризаденің өлімі Израильге ғана тиімді емес дейді. Олар Иранның Парсы шығанағындағы бірқатар елмен қырғи-қабақ екенін алға тартады.

Марк Бабот, әскери сарапшы:

– Израиль Иранның басты ядролық сала инженерінің көзін жойды деген мәлімдеме жайдан жай айтылған жоқ. Оған көптеген ел мен барлау қызметтері тісін қайрап жүрді деп ойлаймын.

Тегеран да қарап жатқан жоқ. Иран парламентінің депутаттары ядролық іс-қимылды жандандыру туралы заң жобасын қарастыруды қолдап, тез арада қолға алды.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы