425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбекстанда дәмхана мен мейрамхана иелеріне газ пайдалануға тыйым салынды

  • 227
  • UPD: 15:46, 30.11.2020

Пандемияның залалын көрген кәсіпкерлер тағы шығынға белшеден батамыз деп даурығып жатыр. Көгілдір отынға қара халық та зәру, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпкерлердің қос бүйірінен қысқан пандемия былай тұрсын, енді тұралап қалған бизнесті оңалтуға Үкімет те кедергі келтірді. Өзбекстанда қоғамдық тамақтану орындарының иелері осылай деп байбалам салып жатыр. Жергілікті билік ас әзірлеу үшін табиғи газды пайдалануға тыйым салды.

Жасын Біркенов, тілші:

– Бұл шектеу құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар мен газ құю бекеттеріне де қатысты. Бірақ мейрамханаға қарағанда, бұлар көгілдір отынды таңғы бестен кешкі беске дейін пайдалана алады. Дегенмен мұның салдарынан қазір ахуал асқынып-ақ тұр. Станцияларда көліктерден мынадай ұзын-сонар кезек пайда болды.

Жергілікті билік кәсіпкерлерді шектеу туралы алдын ала ескерттік деп отыр. Сол себепті газдың орнына үш айға баламалы отын табуды талап еткен. Мәселен, мейрамханалар электр плиталарды не сұйытылған газды қолдана алады.

Бехзот Нарматов, Өзбекстан республикасы энергетика министрінің орынбасары:

– Газ тарату жүйесінде қолданыстағы инфрақұрылым бизнеске бөлек, әлеуметтік нысандарға бөлек жасалмаған. Яғни көгілдір отын бәріне бір құбыр арқылы жеткізіледі. Газды ең бірінші кезекте халыққа тарату үшін кәсіпкерлерден көгілдір отынды уақытша пайдаланбауды сұрауға мәжбүрміз.

Алайда газ мәселесі қара халықтың да дегбірін қашырды. Көгілдір отын барлығына бірдей бұйырмай тұрған секілді.

Бахтияр Сұлтанов секілді тамақ пісіре алмай әлек болғандар Ташкентте жетерлік. Газдың жоқтығы тұрғындардың бас қайғысына айналғанына бір аптадан асты. Көгілдір отынға зарыққан қараша әбден ашынған. Қол қусырып отыр деп хәкімдеріне ызалы.

Бахтиер Сұлтанов, Ташкент қаласының тұрғыны:

– Біз тамақты не жылыта алмай, не пісіре алмай отырмыз. Ташкенттің өзінде мынадай проблема болғаны сұмдық қой! Хәкімдік қайда қарап отыр?! Президентіміз не бітіріп жүр?! Осынау суық күндері біз ыстық тамақ жегіміз келеді.

Құрылыс, өндіріс һәм халықтың өсу қарқыны жоғары болғандықтан, көгілдік отынды бәріне бірдей үлестіруге газ жүйесінің мұршасы жетпейді. Әйтпесе, газ тапшы емес дейді Энергетика вице-министрі.

Бехзот Нарматов, Өзбекстан республикасы энергетика министрінің орынбасары:

– Тұтынушыларға қажет газды таратуға жүйенің қауқары жетпейді. Сол себепті біз қазір инфрақұрылымды жаңартып, газ-көлік жүйесін жаңғыртумен айналысып жатырмыз.

Енді модернизация толық аяқталмайынша, өзбек билігі бұл тығырықтан шыға алар емес. Сол себепті әр жылу маусымында газды пайдалануға шектеу қоюға мәжбүр болады.

Авторлары: Ж.Біркенов және Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы