419,78 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстанның мемлекеттік қарыз мөлшері артты

  • 236
  • UPD: 13:29, 01.12.2020

Қырғыз елінің сыртқы қарызы 5 миллиард долларға таяп қалды. Вирустан зардап шегіп, экономикалық дағдарысқа батып жатқан көрші ел үшін бұл жығылғанға жұдырық болып отыр. Ел билігі енді берешекті жабу жолдарын іздеп, түрлі механизмдер ұсынуда. Ал шет мемлекеттердің біразы бүгінде қарызды өтеу мерзімін ұзартқан екен. Бірақ оның да проценті болады. 

Қырғызстанның мемлекеттік қарызы  4 миллиард 826 миллион доллар. Республика шетелдерге, ірі қаржылық мекемелер мен банктерге берешек. Олардың арасында Франция, Жапония, Оңтүстік Корея мен Таяу Шығыс аймағының мемлекеттері бар. Ең көп 2 миллиард 256 миллион долларды Қытайдың  Экспорт-импорт банкісіне қарыз. Осы жылдың басынан бері қарыздарды өтеу үшін мемлекеттік бюджеттен 22 миллиард сом, яғни 250 миллион доллар жұмсалды.  

Эрлан Сатыбеков, Бішкек қаласының тұрғыны:

- Ел билігі өзі алған қарызға жауапкершілікті қарапайым тұрғындарға артқысы келіп отыр. Ал халықтың көбісінің онсыз да тұрмысы мәз емес, әрі коронавирус індеті кесірінен әлеуметтік жағдайы нашарлап кетті. Бұл ойға қонымсыз бастама деп ойлаймын.  

Егер мемлекеттік қарызды ел тұрғындарының санына бөлсе, сәбилер мен қарияларды да есептегенде әрқайсысына 731 доллардан келеді. Ал елдегі орташа жалақы 200 доллар төңірегінде екенін ескерсек, халықтың көмегімен берешегінен құтылатын түрі жоқ. Оған қоса 2007 жылы да Қырғызстан билігі қарызын өтеу үшін халықтан ақша жинауға тырысқан еді. Бүгінгімен салыстырғанда тұрмысы едәуір жақсы болғанымен бұл әрекеті нәтижесіз қалды.   

Марат Қазақпаев, саясаттанушы:

- Халықтың басым бөлігінде ондай қаражат жоқ. Індет экономикаға зор нұқсан келтіріп, бұдан ең алдымен ел азаматтары зардап шекті. Бәрі қарызға батып, шағын және орта бизнеске де несиелері мен төлемдері бойынша шегерімдер мен жеңілдіктер беріліп отыр. Сондықтан бұл бастама іске асатынына сенім жоқ. 

Қырғызстан қаржы министрлігі таяуда шетелдік несие берушілермен келіссөздер өткізіп, төлемдерді шегеруге келісті. Германия, Түркия, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері бұл үшін қосымша процент қоспайтын болды. Қытай тарапы да қарыз өтеуін кейінге шегереді, бірақ мерізімін ұзартқаны үшін процент төлеуге тура келеді.

Автор: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы