420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирустың беті қайта бастады – ДДСҰ

  • 152
  • UPD: 21:54, 01.12.2020

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен аптаның қорытындысы бойынша, дерт жұқтырғандардың саны артпағанын хабарлады.

Тіпті керісінше, сәл де болса, азая бастаған. Бұл әсіресе Еуропа елдерінде байқалып отыр. Сонымен қоса америкалық Модерна вакцинасы 100 процент тиімділігін көрсеткен. Көрші Ресейде «ЭпиВакКорона» екпесін сынақтан өткізудің үшінші кезеңі басталды. Бұл жаңалық экономикаға да әсер етті.

Компания өз препаратын АҚШ пен Еуропада тіркеуге өтініш берген. Енді өндіруші құзырлы органдардың жауабын күтіп отыр.

Америкалық биотехнологиялық Moderna компаниясының әзірлеген вакцинасы 100 процент тиімділігін көрсетті. Бұл туралы өндірушінің сайтында жазылған. Алайда айта кететін жайт, екпе коронавирусты жұқтырған адамның ауруы ауыр формада өткен кезде ғана 100 процент тиімділігін көрсеткен. Қалған жағдайда бұл көрсеткіш 94,1 процентке тең. Препаратты сынақтан өткізу жұмыстарына 30 мыңнан аса адам қатысқан. Арасында қарт кісілер де бар. Еріктілердің көбінде екпеге қатысты айтарлықтай қиындықтар байқалмаған. Енді өндірушілер вакцинаның көмегімен коронавируспен күресте үлкен жетістіктерге жетуге болатынын айтады. Осы ретте компания препаратты АҚШ пен Еуропада тіркеу туралы өтініш беріп, жауабын күтіп отыр. Moderna – вакцинасын АҚШ-та тіркеу туралы өтініш берген екінші компания. Бұған дейін немістің «Байонктек» компаниясымен бірге екпе әзірлеген тағы бір америкалық «Пфайзер» өндірушісі де тиісті сауал жолдаған. Ол препараттың тиімділігі 95 процентке бағаланып отыр. Алдын ала есептеулер бойынша, «Пфайзер» вакцинасының бағасы Модернадан гөрі арзанырақ болатын түрі бар.

Тал Закс, Moderna компаниясының өкілі:

– Алынған деректердің барлығы жіті тексерілген. Осы ретте вакцинаны тіркеуге рұқсат алып, әлемдік нарыққа шығуға мүдделіміз. Препараттың қауіпсіздігіне келетін болсақ, сынақтарға қатысқан еріктілердің денсаулығына зияны тиген жоқ. Біз әрине мониторингты жалғастырып, бәрін бақылап отырамыз.

Ал Ресейде «Эпиваккорона» вакцинасын сынақтан өткізудің соңғы кезеңі басталды. Оны Новосібірдегі «Вектор» орталығы дайындаған. Екпені жасау жұмыстары наурызда басталған. Клиникалық сынақтан өткізудің алғашқы екі кезеңі қыркүйекте аяқталды. Енді міне, тіркеуден кейінгі кезеңі басталып кетті. Оған 3 мың ерікті қатысады. Көбі – мұғалімдер мен дәрігерлер. Мамандар дәрінің біраз артықшылықтары барын айтады. Басқасымен салыстырғанда, оны сақтау және тасымалдау әлдеқайда жеңіл. Мәселен, «Пфайзер» екпесінің тиімділігі төмендемес үшін оны минус 70 градуста сақтау керек. Ал ресейлік дәрі ондай шарттарды қажет етпейді екен. Негізі бұған дейін тағы бір ресейлік «Спутник Ви» вакцинасы әлемде бірінші болып, тіркеуге алынған. Тиімділігі 95 проценттен асады. Қазір көрші елде екпені салу жұмыстары жүріп жатыр. Өндірушілердің айтуынша, «Спутник Ви» бағасы шетелдік препараттардан екі есе арзан. Сол себепті сұраныс та жоғары көрінеді. Екпенің бір миллиардтан аса дозасына ондаған мемлекеттен тапсырыс келіп түскен. Ал оны өз елінде өндіру туралы келісімге Үндістан, Бразилия, Қытай мен Оңтүстік Корея өкілдері қол қойған.   

Ұлыбританияда осы айда екі бірдей вакцина тіркелуі мүмкін. Бұл туралы премьер-министр мәлімдеді. Әңгіме «Пфайзер» және «Астрозенека» екпелері жайлы. Реттеуші органдар оны алдағы апталарда тіркеуге дайын. Қазір ұлттық денсаулық сақтау қызметі халыққа вакцина егу жұмыстарына дайындалып жатыр. Ең алдымен препарат медициналық қызметкерлерге, қарттар үйі мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мекемедегілерге салынады. Артынан қарттар мен жасы 50-ден асқан тұрғындар алады. Екпе ерікті түрде салынады. Алайда жергілікті мамандардан бас тартқандарды болашақта мейрамханаларға, кинотеатрлар мен спорттық мекемелерге кіргізбеу мүмкіндігі барын ескертті.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Әзірге дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды бақылау жөніндегі агенттік бірде бір вакцинаны тіркеген жоқ. Алайда алдағы апталарда «Пфайзер» мен «Байонтек» компанияларының ортақ екпесі мен «Астрозенека» препаратын қолдануға рұқсат беріледі деп күтіп отырмыз. Мұның бәрі Рождествоға дейін басталады деген үміт бар.

Вакциналарға қатысты жаңалықтар мұнай нарығына әсер етті. Қарашаның қорытындысы бойынша, жаздың басынан бері шикізат бағасының рекордтық өсімі тіркелген. Сөйтіп, Брент маркалы қара алтынның бір баррелінің құны бір ай ішінде 39 доллардан 47,5 долларға дейін қымбаттады. WTI құны 37 доллардан 45 долларға дейін көтерілген. Сарапшылар келесі жылы нарықтағы жағдай біршама жақсаратынын топшылап отыр. Сөйтіп, 2021 жылы Брент маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы 65 долларға дейін жетуі мүмкін деген болжам бар.

Хабар 24 телеарнасы