419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркияда коронавирус өршіп тұр

  • 98
  • UPD: 21:53, 01.12.2020

Түркияда коронавирус ырыққа көнбей барады.

Соңғы бір тәулікте 31 мың адам қауіпті дерт жұқтырған. 188 науқас көз жұмды. Бұл елде пандемия басталғалы ең жоғарғы көрсеткіш. Осыған байланысты ел билігі карантин талаптарын арттырып, бірқатар шектеу шараcын енгізді.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Түркияда соңғы күндерде коронавирус өршіп тұр. Тіпті күн сайын қауіпті індетті жұқтырғандар саны еселеп артып, антирекордтық көрсеткішті күн ара жаңалап отыр. Осыған байланысты, 1 желтоқсаннан бастап елде карантин талаптары қатаңдатылды. Мәселен, халық дүйсенбі-жұма күндері аралығында кешкі 9-дан таңғы 5-ке дейін тысқа шыға алмайды. Тіпті демалыс күндері елде толық локдаун енгізіледі. Тұрғындар жұма күні 21:00-ден бастап, дүйсенбінің таңғы 5-іне дейін үйінде отыруға тиіс. Бұл күндері азық-түлік дүкендері тек қана үйге жеткізу қызметі бойынша жұмыс жасайды. Сондай-ақ монша, хауыз бен ойын сауық мекендері уақытша жұмысын тоқтатты. 65-тен асқан және 20 жастан кіші азаматтардың қоғамдық көлікке мінуіне тыйым салынды. Мерекелік кештер мен көңіл айту рәсімдері өткізілмейді. Жаназа намазы мен неке қию рәсіміне 30 кісіден астам кісі қатыса алмайды. Президент Ердоғанның айтуынша, жергілікті провинциялар аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты қосымша сақтық шараларын енгізе алады. Азаматтардың қалааралық қатынасына шектеу бар. Сонымен қатар ертеңнен бастап мемлекеттік мекемелердің жұмыс уақыты қысқартылды. Бұл талаптар елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін жалғасуы мүмкін.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

– Күнделікті сағат 21:00-ден таңғы 05-ке дейін тысқа шығуға тыйым салынады. Сонымен қатар коменданттық сағат жұма күні кешкі 9-дан дүйсенбі күні таңғы 5-ке дейін енгізіледі. Сонымен сенбі және жексенбі күндері бәріміз үйде отырамыз.

Бір айта кетерлігі, бұл жолғы сақтық шаралары көктемгі шектеулерге қарағанда әлдеқайда қатаң.

Бұл жолғы шектеулер демалыс аймағында да қолданысқа енбек. Қонақ үйлердегі мейрамханалар тек қана сол жерде қонақта болған демалушыларға қызмет көрсетеді. Кешкі 10-нан кейін ойын-сауыққа тыйым салынады.    

Хабар 24 телеарнасы