419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Соңғы екі аптада Чехияда коронавирустан екі мыңға жуық адам қайтыс болды

  • 93
  • UPD: 21:08, 01.12.2020

Еуропа елдері арасында коронавирус дертінен өлім-жітім көрсеткіші бойынша антирейтингте Чехия алдыңғы орынға шықты.

Індет басталғалы бұл елде жарты миллиондай адам коронавирус жұқтырған. Үкімет қанша шара қабылдағанмен, жағдайдың жақсаратын түрі жоқ.

Кейбір өңірлерде дәрігерлерге көмекке еріктілер мен медициналық оқу орындарының жоғарғы курс студенттері тартылды. Оған қоса билік өкілдері жаңа жылға дейін ел тұрғындарының барлығын тестілеуден өткізуге уәде берді. Алайда халықтың көбісі бұған сенбейді.

Соңғы екі аптада Чехияда коронавирустан 2 мыңдай адам қайтыс болды. Осыған қарамастан жергілікті сенаторлар үкімет қабылдаған шараларды тым қатал деп санаған. Олар конституциялық сотқа шағымданып, елде енгізілген карантин шағын және орта бизнестің жұмысын тұралатты деп арыз түсірген. Нәтижесінде коменданттық сағат мерзімі қысқарып, оқшаулану шарттары жеңілдеді.

Алеш Мила, Пльзень медициналық институтының профессоры:

– Індеттен қарапайым халық ғана емес, саясаткерлер де әбден шаршады. Экономиканы ұстап тұру да оңай емес. Науқастар саны бірнеше есе артқандықтан, бәріне лайықты көмек беруге дәрігерлердің де шамасы жетпей жатыр.

Қиын жағдайдан шығудың бір амалы ретінде билік еріктілер мен медициналық оқу орындарының студенттерін ауруханаларға тартты. Осыдан бір жыл бұрын студенттердің көбі осы емханаларда тәжірибеден өткен еді. Алайда ол кезде төсек орындарының көбі бос болса, қазір толып тұр. 

Зденек Хамриков, эпидемиолог:

– Ірі клиникалары бар Прагада науқастарға лайықты ем беріледі. Ал өңірлерде жағдай ауыр. Ауруханаларда бос орын жоқ, дәрігерлер де жетіспейді. Еріктілер көмектесіп жүр, бірақ олар әлі тәжірибелі маман емес. Дезинфекция өткізіп, науқастарға қарайды, бірақ жағдайы асқынғанда бұрынғыдай дәрігерлер жалғыз қалады.

Билік өкілдері жалпыұлттық тестілеу өткізу дәрігерлерге көмек болады деген пікірде. Қысқа мерзімде елдің барлық тұрғындарын тегін тексермек. Оған кеткен шығынды компаниялардың медициналық сақтандыру қорлары өтейді. Жоба желтоқсанның төртінде басталмақ.

Авторлары: Александр Грэс, Павел Невид

Хабар 24 телеарнасы