419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2021 жылы әлемде 235 млн адам көмекке мұқтаж болады – БҰҰ

  • 104
  • UPD: 23:55, 01.12.2020

Коронавирустан көз жұмғандар қатары бүгінде 1 жарым миллионға жетіп қалды.

Ал қауіпті дертті жұқтырғандар саны 62 миллионнан асады. Әзірге коронавирусты жою мүмкін болмай тұр.

Жер бетіндегі жағдай жантүршігерлік. Қазір әлемдегі ахуалды тек осылай ғана сипаттауға болады. Өкініштісі, мұндай жағдай ұзаққа созылатын түрі бар. Бір ғана мысал. Коронавирус індеті мен әлемде болып жатқан өзге де қиындықтарға байланысты 2021 жылы әлемде 235 миллион адам көмекке мұқтаж болады. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты гуманитарлық басқарма өкілдерінің сөзі.

Марк Лоукок, БҰҰ бас хатшысының гуманитарлық көмек жөніндегі орынбасары:

– Биыл әлем бойынша 170 миллиондай адам көмекке мұқтаж болады деп ойладық. Ал 2021 жылы осы көрсеткіш 235 миллионға артады деп отырмыз. Бұл биылмен салыстырғанда 40 процентке көп. Және оның бәрі коронавируспен байланысты.

Бұған сенбеуге себеп жоқ. Өйткені Еуропаның ең дамыған елі Германияның өзінде қазір коронавирус індеті өршір тұр. Жағдайдың күрделі болғаны сонша, жергілікті ауруханаларда орын жетіспей жатыр. Берлиндегі кейбір жансақтау бөлімдері тіпті науқастарды қабылдауды тоқтатқан. Өзге өңірлердегі жағдай да осыған ұқсас. Дәрігерлер науқастар ағынына төтеп бере алмай, өздері де вирус жұқтырғандар қатарына қосылып жатыр.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

– Берлин мен тағы 62 ауданда орта есеппен 100 мың адамға шаққанда 200 тұрғыннан вирус анықталып жатыр. Елдің денсаулық сақтау министрлігі жағдайды бақылауда ұстау үшін бұл көрсеткішті барынша қысқарту керек. Пандемияны тоқтату үшін әр адам өз үлесін қоса алады.

Болгар дәрігерлері де осы бір дерт алдында дәрменсіз күй кешіп отыр. Қараша айында елде вирус жұқтырғандардың саны 3 есеге артып кеткен. Ал 100 мың тұрғынға шаққандағы өлім-жітім саны бүкіл Еуроодақ бойынша ең жоғары көрсеткіш болып тұр.

Александр Станоевски, анестезиолог:

– Медицина мамандары әбден шаршап, эмоциялық тұрғыда әлсірей бастады. Соған қарамастан, жұмысымызды әрі қарай жалғастыруымыз керек.

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы болса, Бразилиядағы ахуалға қатты алаңдап отыр. Айтуынша, бұл елдегі жағдай өте-мөте күрделі.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:

– Екі апта ішінде елдегі өлім-жітім көрсеткіші айтарлықтай өсіп кетті. Мәселен, қарашаның басында бір аптада 2 жарым мыңдай адам коронавирустан көз жұмса, қазір бұл көрсеткіш 4 мың төңірегінде.

Бұдан бөлек, аталған ұйым басшысы індеттің қалай және қайда пайда болғанын анықтау керек дейді. Айтуынша, бұл алдағы уақытта болуы мүмкін вирус ошақтарының алдын алуға көмектеседі. Өз кезегінде қытайлық БАҚ өкілдері коронавирус Ухань қаласында табылғанға дейін қауіпті инфекция шетелде мұздатылған тамақ өнімдерінде кездескенін жеткізді.

Хабар 24 телеарнасы