419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нью-Йорк штатында медбикелер ереуілге шықты

  • 87
  • UPD: 10:37, 02.12.2020

АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы екі аурухананың медбикелері екінші күн қатарынан ереуілдетіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиналған жұрт еңбек жағдайы мен маман тапшылығы мәселесіне наразылық білдірді.

Медицина қызметкерлері коронавирус індетін емдейтін хаттамаға да көңілдері толмайтынын айтады. Медбикелер қауымдастығы аймақтағы еңбек және денсаулық федералды басқармасына медициналық маскаларды 20 мәрте қолдануға тура келетінін айтып шағымданған. Айта кетейік, қазір аймақтағы эпидемиологиялық ахуал көңіл көншітпейді. Губернатор Эндрю Куомоның айтуынша, соңғы тәулікте штат бойынша 3700 адам коронавирусқа шалдыққан.

Шэлон Мэтьюз, медбике:

- Індет жұқтыру қаупі өте жоғары. Біздің басты мақсатымыз – ауруға шалдыққан әрбір жанды дерттен аман алып қалу. Ол үшін жағдай жасалу керек. Қорғану құралдары жеткілікті болу керек. Науқастарға көмек көрсететін мамандар да жетіспей жатыр. Бұндай жағдайда қалай жұмыс істеуге болады.

Ал, Нью-Йорктің Статен-Айленд қаласында коронавирусқа шалдыққандардың саны артуына байланысты дала госпитальдері қайта ашыла бастады. Мәселен мамандар «жақын арада жергілікті ауруханаларда орын тапшылығы орын алуы мүмкін», дейді. Естеріңізге салайық, уақытша шатырлар аурудың бірінші толқыны өршіп тұрған кезде де орнатылған болатын. Көктемге шамамен 200 адам дала госпиталінде емделген еді.

Хабар 24 телеарнасы