420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Швецияда ересегіне КВИ жұққан үйдің балалары мектепке жіберілмейді

  • 92
  • UPD: 20:54, 02.12.2020

Коронавирус жұқтырған балалардың үштен екісінде ауру белгілері болмайды. Канада ғалымдарының жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. Оған 2 жарым мың бала қатысқан. Сәуір мен қыркүйек арасында тесті оң нәтиже көрсеткендердің шамамен 36 процентінде ауру еш белгілерсіз өткен. Бірақ бұл балалардың өздеріне байқалмағанымен жанындарына қауіпті дейді Швеция ғалымдары. Сондықтан коронавирус жұқтырған ересекпен бір үйде тұратын, бірақ ауру белгілері байқалмайтын балаларды мектепке жібермеуге кеңес берді. 

Коронавирустың алғашқы толқынында еш шара қабылдамай жайбарақат отырған Швеция балалардың жағдайын алаңдай бастады. Бұған дейін мұнда үйдегі ересектердің бірі коронавирус жұқтырса, онымен бірге тұратын бала аурымаған болса, мектепке бара беретін. Енді Корольдіктегі эпидемиологиялық ахуал жағдайды өзгертті. Оқушы ауру белгілері байқалмаса да мектепке келмей, үйде жатуға тиіс. 

Швед билігі осылай ұсыныспен ғана шектелсе, Гонконг басшылығы бірден іске көшкен. Сөйтіп, бүгіннен бастап әкімшілік ауданда барлық мектептерді жауып тастады. Бұл жаңалық оқушылардың көңіліне қаяу түсірді. 

- Бір жыл ішінде мектептер 2-3 рет жабылды. Менің үйде ішім пысады. Өзімді түк бітірмей жатқандай сезінемін. 

- Негізі мектептердің жабылғанын мұғалімдер де, ата-аналар да қаламайды. Қанша дегенмен, компьютер алдындағы оқу сыныптағы сабаққа жетпейді. 

Неміс оқушылары керісінше, мектептегі оқудың қауіпті екенін айтады. Тіпті Майндағы Франкфурт қаласында оқушылар ереуіл ұйымдастырған. 

Олар білім беру мекемелерінде коронавирусқа қарсы қажетті шаралар қабылданбай жатқанын айтады. 

Габриэль Ханика, мектеп кеңесінің өкілі:

- Балалар гибридті оқу жүйесін қолдануды ұсынып отыр. Яғни бір апта мектепке келсе, келесі апта үйден оқиды. Көктемде осы жүйе өз тиімділігін көрсеткен. 

Қазір ғалымдар балаларға қатысты қызықты деректі тексеріп жатыр. Таяуда Сингапурде дүниеге келген сәбидің коронавирусқа қарсы антиденесі болған. Анасы аяғы ауыр кезінде індет жұқтырыпты. Сөйтіп, оның антиденелері сәбиіне берілсе екен. Бұған дейін Қытайдың ғылыми басылымдары Уханьда 11 нәрестенің вирусқа қарсы антиденелермен дүниеге келгенін хабарлаған. Енді Сингапур ғалымдары осы мәселені жіті зерттемек. Ал сәбидің бойындағы коронавирусқа қарсы иммунитеттің қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз. 

Автор: Жұлдыз Атагелдиева

Хабар 24 телеарнасы