424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ тұрғындары Pfizer вакцинасы туралы не дейді?

  • 302
  • UPD: 12:44, 03.12.2020

Ұлыбритания – коронавирусқа қарсы Pfizer, BioNTech  вакцинасын әлемде алғашқы болып мақұлдаған мемлекет.

Екпе келер аптаның басынан бастап алдымен осал топқа егілетін болады. Тез арада дайындалған медициналық препарат шынымен де қауіпсіз бе? Вакцинаның қандай кері әсері болуы мүмкін?

Pfizer компаниясы клиникалық зерттеулерінің нәтижелері жарияланғаннан кейін 23 күн өткен соң британиялық тарап Pfizer, BioNTech вакцинасын жедел түрде қолданысқа енгізуге рұқсат етіп отыр. Вакцина жасанды түрде синтезделген матрицалық рубинуклеин қышқылына негізделген. Ол ағзаға енген жағдайда иммунитетті нығайтатын антиденелер өндіре бастайды.

Мэтт Хэнкок, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі:

– Біз – сәтті жасалған вакцинаға алдын ала тапсырыс берген әлемдегі алғашқы елміз. Бізде 40 млн доза бар. Ол 20 млн адамға жетеді, өйткені әр адамға екі дозадан керек. Вакцинаның әрбір партиясының қауіпсіздігі жіті тексеруден өтеді. Бүгін таңертең алғашқы 800 мың доза зерттеуден өтті және олар осал топқа жататын егде жастағы кісілерге және медицина қызметкерлеріне тегін егілуге дайын.

Бұл – жаппай вакцинация жасалады деп жоспарланған орындардың бірі - Лондон маңындағы Эпсом ипподромы. Дерби ат жарыстары өтетін жер енді медициналық орталыққа айналмақ. Жаңалықты естіген британиялықтардың арасында қуанғандар да, оған күмәнмен қарағандар да бар.

Пол О’Фаррел, Лондон тұрғыны:

– Көптеген дәрі қысқа мерзімде дайындалатыны рас. Бірақ оларды халыққа бермес бұрын біраз жыл тексереді. Сондықтан менің вакцинаға деген сенімім жоқ.

Ғалымдардың пікірінше, вакцина жедел жасалғанымен, сапасында кінәрат жоқ. Оған жүргізілген сынақ кезінде адам өміріне кері әсер ететіндей фактілер тіркелмепті. Вакцинаның тиімділігі 95% екендігіне тәуелсіз сарапшылардың да көздері жеткен.

Джун Рейн, Ұлыбритания Дәрі-дәрмек және медициналық заттарды реттеу агенттігінің атқарушы директоры:

- Жұртшылық тексеру жұмыстарының жіті жүргізілгеніне толық сенуі керек. Pfizer-BioNTech вакцинасының қауіптен гөрі әкелер пайдасы көп.

Лондондық гигиена және тропикалық медицина мектебінің зертеулеріне қатысқан он адамның тоғызы COVID-19-дан қорғайтын вакцинаға қарсы емес екендіктерін айтқан. Ал қара нәсілділердің, азиялықтардың және басқа да аралас этникалық топтағылардың көпшілігі одан бас тартатындықтарын жасырмаған. Айта кету керек, соңғы тәулікте Біріккен Корольдікте 16 мыңнан астам адам қауіпті індеттің ілмегіне ілінген, ал 650 науқас вирустың құрбаны болды. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы