429,68 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Чехияда Рождество алдында карантин талаптары жеңілдетілді

  • 130
  • UPD: 18:53, 03.12.2020

Коронавирус індеті Чехияда Рождество мейрамының шырқын бұзуы мүмкін.

Жыл сайын бұл елде желтоқсанда өтетін жәрмеңкелер мен мерекелік іс-шараларға тыйым немесе шектеу салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны Прага қаласының мэриясы ұсынды. Билік өкілдері бұл шешім қазынаға шығын әкелетінін мойындап отыр. Өйткені жылда Рождество мейрамын атап өту үшін Чехияға мыңдаған турист келетін еді.

Прага қаласының алаңында орнатылған шырша ғана Рождество мейрамының жақындағанын еске салады. Әдетте әйгілі жәрмеңкелерді аралау үшін қалаға желтоқсан айында 700 мыңдай турист келетін. Осыдан дәл бір жыл бұрын бұл көшеде бос орын жоқ еді. Бүкіл елден келген қолөнершілер мен кондитерлер қонақтарға өз бұйымдарын ұсынатын.

Радек Виктов, кондитер:

- Фермерлер мен қолөнершілер бұл мәселені жазда көтерген болатын. Сол кезде билік өкілдері Рождествоға қарай карантин алынып тасталып, бәрі былтырғыдай болатынына сендірген еді. Жәрмеңкелер – біз үшін ерекше кезең, біздің өнімдерімізді халық ұнататын. Енді құр қол қалатын болдық.

Таяуда Прага мэриясының өкілдері 3 желтоқсаннан бастап карантин талаптары жеңілдетілетінін мәлімдеді. Бұл – халықтың мереке алдында көңілін көтеру үшін жасалған шара. Атап айтқанда, кафе, мейрамханалар мен барлар санитарлық шарттарды сақтап, жұмыс істейді. Алайда жәрмеңкелер мен фестивальдар өткізуге және түнгі клубтардың жұмысына салынған тыйым өз күшінде қалды.

Славомир Яролим, Прага муниципалитетінің аға заңгері:

- Егер ауруды жұқтыру саны өскенін байқасақ, карантин тәртібін қайта енгіземіз. Аптаның соңына дейін біз шектеулер тізімін жариялаймыз. Ойын-сауық орындары қабылдай алатын қонақтар саны өзгертіледі. Әзірше біз 25%-тен аспауы тиіс деп санаймыз.

Халықтың көбі бұл шараларды түсіністікпен қабылдады. Сауалнама нәтижелері бойынша ел тұрғындарының тек 28%-і ғана әлеуметтік қатынастарын азайтпаған екен. Жұрт жәрмеңкелер мен ойын-сауық кештерінің өтпейтініне көнгенмен, отшашуларды қолдануға салынған тыйымға қапалы. Өйткені пиротехника қолданғандарға қомақты айыппұл салынады. Полицияның пікірінше, бұл салют ататын кез емес және оның шуы коронавируспен ауырған мыңдаған адамның мазасын алуы мүмкін. Сондай-ақ отшашулармен жарақаттанған адамдар онсыз да жұмысы бастан асқан дәрігерлердің уақытын алмайтын болады.

Авторы: Павел Невид

 

 

Хабар 24 телеарнасы