429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Interpol: Жалған вакцина жасаушылар көбеюі мүмкін

  • 179
  • UPD: 21:32, 03.12.2020

Алаяқтар интерполды да алаңдатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені Ұлыбритания әлемде алғашқы болып коронавирусқа қарсы Pfizer және BioNTech вакциналарын қолдануға рұқсат берді.

Екпе келесі аптадан бастап салынады. Нью-Йоркте желтоқсанның ортасында Pfizer мен BioNTech компаниялары өндірген вакцина 170 мыңға жуық адамға егіледі. Мексика билігі де Pfizer компаниясынан 34 млн доза вакцина сатып алу үшін келісімшартқа отырды. Сөйтіп, екпеге сұраныс өте жоғары. Ендігі алаңдарлық жайт, бұл жағдайды қаскөйлер пайдалануы мүмкін. Интерполдың алаңдау себебі осы.

Диктор:

- Жұлдыз, сонда Интерпол қандай қауіп барын айтады?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Халықаралық ұйым жалған вакцина сатушылар көбейеді деп қауіптенеді. Бұл шығын ғана емес, адамның денсаулығына зиян тигізуі мүмкін.

Коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізу туралы жағымды жаңалықтарды алаяқтар өз мүддесіне пайдалануы мүмкін. Интерпол осылай деп отыр. Халықаралық ұйым өкілдерінің пайымдауынша, қаскөйлер жалған веб-сайттар арқылы әрекет етуі мүмкін. Вакцинаны ұрлап, солар арқылы сатуы ғажап емес. Немесе әлеуметтік желіде қолдан жасалған екпені ұсынып, халықты алдап-соғатын жағдайлардың көбеюі болжанып отыр. Сондықтан Интерпол желі қолданушыларын қырағылық танытуға, ал ұйымға мүше елдердің құқық қорғаушыларын жергілікті денсаулық сақтау саласындағы органдармен бірге әрекет етуге шақырды. Олар сондай-ақ халықаралық әуе қатынасының біртіндеп қалпына келтірілуіне орай ұшаққа міну үшін ковид-тесттерге сұраныстың да артып келе жатқанын айтады. Сондықтан жалған тест нәтижелерін жасату деректері де көбеюі мүмкін екенін ескертеді.

Юрген Сток, Interpol бас хатшысы:

- Қаскөйлер жалған сайттар арқылы әрекет етуі мүмкін. Сондықтан қолданушылар сақ болуы керек. Мәселен, кейбір препараттардың бағасы тым арзан болып көрінуі мүмкін. Осындай жағдайда жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінен кеңес алған жөн. Алаяқтар тек онлайн ғана емес, басқа жолдар арқылы да әрекет етуі әбден ықтимал. Құқық қорғаушы органдар тиісті қылмысқа қарсы тұруға дайын болу керек. Біздің ұйым сол себепті жаһанға ескерту жасап, сақтандырып отыр.

***

Вакцина өндірушілерге хакерлік шабуыл жасалмақ болды

Вакцина демекші, екпе жасаумен айналысатын 6 бірдей компанияға хакерлік шабуыл жасалды. Арасында AstraZeneca, Johnson & Johnson секілді өндірушілер бар. The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, бұл солтүстіккореялықтардың ісі болуы мүмкін. Өйткені осындай IP-адрестер АҚШ-тың мемлекеттік департаменті мен Оңтүстік Кореяның бірігу жөніндегі министрлігіне хакерлік шабуыл жасалғанда қолданған екен. Алайда қаскөйлердің әрекетінен түк шықпаты. Екпе жасаумен айналысып жатқан компания өкілдерінің айтуынша, биылғы жылдың екінші жартысында хакерлік шабуылдары жиілеп кетсе керек. Сондықтан олар қауіпке дайын болған.

***

Египетте аурухана жабдықтарын ұрлау оқиғалары жиіледі

Ал, Мысырда ковид-қылмыстың жаңа түрі қызып тұр. Мұнда ауруханадағы қымбат жабдықтар ұрланған. Дәл осындай оқиғалар елдің бірнеше қаласында болды. Күздің басынан бері 40 шақты жабдық жоғалған. Көбі клиникалардың инфекциялық бөлімдерінде қолданылған құралдар. Яғни коронавируспен күреске қажет болған. Қаскөйлер ұрланған заттарды шетелде қара нарықта 11 есе қымбатқа сатқан көрінеді.

Крикор Рахман, дәрігер:

- Коронавирустың бірінші толқыны кезінде ауруханаларда қолғап не маска жетіспейтін жағдайлар жиі болатын. Тұрғындар бәріне билікті кінәлады. Неге алдын ала дайындалмаған деген айып тағылды. Ал қазір бізде бір түнде қаскөйлердің аурухана қоймасын тып-типыл етіп кеткен жағдайлары болды. Бірнеше сағат ішінде басқа жабдықты табу мүмкін емес қой. Бұл біз секілді дәрігерлер үшін қиын жағдай. Ал, қаскөйлер үшін арам ойларын іске асырудың тамаша мүмкіндігі.

***

Ұлыбританияда тәртіпке бағынбағандар қамауға алынды

Мысыр құқық қорғаушылары қаскөйлерді әлі қолға түсірген жоқ. Ал, британдық полицейлер 80-ге жуық адамды қамаған. Бірақ олардың ұрлыққа қатысы жоқ. Бұл азаматтар елдегі қатаң шектеулерге қарамастан, қоймаға тығылып, сауық кешін өткізген. Түсініктеме жұмыстарынан кейін барлығы үйлеріне жіберілді. Ал, шара ұйымдастырушысына 10 мың фунт стерлинг айыппұл салынуы мүмкін. Бұл теңгеге шаққанда 7,5 миллионнан асады. Осындай жағдай АҚШ-та да болды. Нью-Йоркте шектеу шараларына қарамастан жергілікті барлардың бірі жұмыс істеп келген. Сөйтіп, тәртіпке бағынбаған мекеме иесі қамауға алынды. Алайда тұрғындар оны қолдап, бар сыртында ереуіл ұйымдастырған. Олардың айтуынша, бұл кәсіпкер де пандемиядан зардап шеккен өзге бизнесмендер секілді өлместің күнін көріп отыр. Енді бұл ереуілдің соңы вирус жұқтыру деректерінің күрт артуына әкеп соқтыруы мүмкін деген күдік бар. Өйткені бейнежазбадан көрініп тұрғандай, жиылғандар арақашықтық сақтамаған.

***

Жеткіншектер қасақана вирус жұқтырмақ болған

Барлар мен сауық кештеріне жастар жағы көп баратыны түсінікті. Бұл ретте мамандар оларға жауапсыз әрекеттің соңы ауыр болатынын тағы да еске салады. Бірақ ескертулерге қарамастан, Швециядағы жоғары сынып оқушылары қауіпті әрекетке бармақ болған. Олар қасақана коронавирус жұқтырып, осылайша, өздерінде ауруға қарсы иммунитеттің пайда болғанын қалаған. Алайда сорақысы сол, жасөспірімдер оны ары қарай басқаларға да жұқтырмақ ойлары болғанын айтқан. Осы ретте мамандар сақтыққа салғырт қарамауға шақырып отыр. Өйткені жастар жағында індет жеңіл өткенмен қарт кісілер үшін салдары ауыр болуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы