423,81 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Бельгиядағы мейрамхана пандемияда жабылмаудың амалын тапты

  • 290
  • UPD: 16:59, 04.12.2020

Бельгияның оңтүстік батысындағы Тарсьен елді мекенінде орналасқан мейрамхана эпидемиологиялық шектеу шараларына қарамастан жабылмай кәсібін әрі қарай дөңгелетудің амалын тапты.

Пандемия салдарынан қоғамдық тамақтану орындары тапсырысты үйге жеткізу арқылы ғана жұмыс істеген соң бұл мейрамхана иесіне ерекше ой туды. Ел тұрғындарының басым бөлігінде жылжымалы үй болғандықтан бельгиялықтар көлікке тіркемелі баспанасымен мейрамханаға келіп асқа тапсырыс бере алады. Есесіне мейрамхана жұмысы да қызып тұр, ел тұрғындары да дән риза.

Маттиас Коллу, мейрамхана иесі:

- Тамақты тапсырыс берушілерге жеткізіп жүргенде әр отбасында жылжымалы үй бар екенін байқадым. Егер тұрғындардың өздері мейрамханаға келсе қалай болады деген ой туды. Бұл идеям жерлестеріме ұнаған сияқты. Өйткені тапсырыс берген тамақ суымай ыстық күйінде жеткізіледі. Қызмет көрсету де оңай әрі тез болатын болды.    

Мейрамхана басшысы санитарлық нормалардың барлығы қатаң сақталады деп отыр. Бетперде киген даяшылар келген қонақтарға жақындамайды. Асханада да әлеуметтік ара қашықтыққа аса мән беріледі. Бұндай қызмет түріне сұраныс жоғары болғандықтан тұрғындар көлік тұрағын алу үшін алдын ала төлем жасауы керек.

Хабар 24 телеарнасы