424,63 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлем елдері коронавирусқа қарсы вакцинацияға қамданып жатыр

  • 278
  • UPD: 20:40, 04.12.2020
Әлем елдері коронавирусқа қарсы вакцинацияға қамданып жатыр

Коронавирустан құтылатын күн жақындап келеді.

Бар үміт вакцинада. Көрші Ресей вакцина егуді бастап кетті, ал Түркияда келесі аптада басталады. Екпені кейінге шегеріп отырған мемлекеттер де бар. АҚШ-та ел басқарған саясаткерлер коронавирусқа қарсы екпені алдымен өзімізге салдырып тексереміз деп құлшынып отыр.

Ресейде алғашқы екпені 100 дәрігер өздеріне салдырды. Вакцина қабылдағысы келетін тұрғындар мемлекеттік сайтқа тіркеледі. Ел президенті Владимир Путиннің мәлімдеуінше, Ресей жақын арада 2 млн-ға жуық дозаны жасап шығарады. Оны бірінші кезекте мұғалімдер, медицина және әлеуметтік сала қызметкерлері алады.

Андрей Осипов, Домодедово ауруханасының бас дәрігері:

– Осы 100 адамға вакцинаны қайталап салдық. Ешқандай кері әсері болған жоқ. Осы вакциналарға қайта тапсырыс беріп жатырмыз. Әрі қарай барлық тұрғынға егеміз.

 

Түркиядағы екпе шаралары 4 кезеңде іске асады

Басымдық медицина қызметкерлеріне, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға берілген.

Фахреттин Қожа, Түркияның денсаулық сақтау министрі:

– Желтоқсанда Қытайдың «CoronaVac» екпесінің 20 млн дозасын алғанбыз. Қаңтарда тағы осынша мөлшерге қол жеткіземіз. Қалған 10 млн дозаны ақпанда аламыз. Сондай-ақ  Pfizer мен BioNTech компанияларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ал сәуір айында өзіміздің вакцинамызды шығарамыз.

 

Францияда вакцинация 2021 жылы басталады

Франция вакцина салуды жаңа жылдан кейін қолға алмақ. Ел билігі Еуропалық Одақтың қорытындысына қарайлап отыр. Негізі Франция 200 млн дозаға тапсырыс берген болатын. Мұнда 18 жасқа толмаған тұрғындарға екпе салынбайды.

Жан Кастекс, Франция Премьер-Министрі:

– Вакцина Францияның барлық тұрғыны үшін тегін болады. Үкімет осы мақсатқа 1,5 млрд еуро қарастырған. Бұл қаржыны біз келесі жылдың бюджетіне салғанбыз.

 

Экс-президенттер екпені бірінші қабылдайды

Екпені бірінші болып қабылдауға америкалық саясаткерлер құлшынып отыр. Барак Обама  бастап, Джордж Буш мен Билл Клинтон қостады.

Барак Обама, АҚШ-тың экс-президенті:

– Егер Энтони Фаучи маған: «Вакцина қауіпсіз және оны қабылдай аласыз», – деп айтса, онда оны міндетті түрде жасаймын. Тіпті теледидар немесе жеке камера арқылы жалпақ жұртқа көрсете аламын. Сонда адамдар ғылымға сенер еді деп ойлаймын.

Коронавирусқа қарсы вакцинаға деген сұраныстың көптігі сондай, әлемде тапшылық орнауы мүмкін. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазірден ескертіп жатыр. 

Авторы: Ернат Мелсұлы

Хабар 24 телеарнасы