423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қытайда пластикке тыйым салынды

  • 465
  • UPD: 22:19, 04.12.2020

Коронавирус денсаулық сақтау саласы мен экономикаға кесірін тигізіп ғана қойған жоқ.

Індет қоршаған ортаға да зиянын келтірді. Мамандар осылай деп отыр. Әңгіме пластик жайлы. Пандемия кезіндегі сұранысқа ие қорғаныс құралдарының барлығында дерлік осы пластик бар. Оның шамамен 500 жылдай шірімейтіні белгілі. Мұның соңы нағыз экологиялық апатқа әкеп соғуы мүмкін дейді мамандар.

Мамандар қорғаныш құралдарын қолданғаннан кейін оларды қоқысқа басқа заттармен бірге емес, бөлек тастауға кеңес береді. Сондай-ақ бірреттік бетперденің орнына көпреттік бетпердені қолданған жөн дейді.

 

БҰҰ: Адамзат табиғатпен соғыс жүргізіп жатыр

Коронавирустың бірінші толқыны кезінде кәсіпорындардың біразының жұмысы қысқарды. Адамдар тысқа аз шығып, көшедегі көлік саны сиреді. Нәтижесінде атмосфераға бөлінетін парниктік газдар азайды. Бұл жаңалыққа алғашқылардың бірі болып экологтар қуанды. Алайда қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені статистикаға сәйкес пандемия кезінде өндірілген пластиктің 75 проценті дұрыс жойылмай, қоқысқа түсіп жатады екен. Салдарынан антисептиктердің құтылары, маскалар мен қолғаптар мұхит түбінен табылады.

Одан бөлек құстар мен өзге жануарлар пластик қалдықтарын тамақ деп жеп қойып, өліп жататын жағдайлар кездеседі. Қорғаныс құралдарынан бөлек мәселені мына жайт та ушықтырып отыр. Қарым-қатынас санын азайтқан жұрт үйде отырып, тапсырыспен тамақ алдырады. Ал олардың көбі пластик ыдыста жеткізілетіні бәрімізге мәлім. Сондықтан мамандар адамдарды ақылға шақырып отыр.  

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

– Адамзат табиғатпен соғыс жүргізіп жатыр. Алайда қоршаған орта біздің әрекетімізге жауап қайтарады. Көз алдымызда экожүйелер жойылып кетіп жатыр. Жыл сайын орман алқаптары 10 млн гектарға қысқарып келеді. Ауа мен судың ластануынан бір жылда 9 млн адам көз жұмады. Бұл – қазіргі пандемия құрбандарымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары сандар. Мұхиттарда пластик қалдықтар көбейіп кеткен.

 

Масканы кәдеге жарату – әлем елдерінің тәжірибесі

Өкінішке қарай, пластик қалдықтары тек мұхит түбінен ғана емес, таяуда тіпті әлемнің ең биік тауы Эверест шыңынан да табылған. Осы ретте «Бұл заттың қоршаған ортаға зиянын азайту үшін не істеуге болады?» деген сауал туындайды. Әлемнің түрі елдерінде, мәселен, масканы кәдеге жарату бойынша нақты нормативтер бар. Үндістан тұрғындары қолданған бетпердесін кесіп, қағаз пакетке салуы тиіс. Осыдан кейін тек 3 тәуліктен соң ғана қоқысқа шығаруға рұқсат. Біріккен Араб Әмірліктерінде масканы пакетке салғаннан кейін ғана қоқыс контейнеріне тастауға болады. Әйтпесе тұрғындар айыппұл төлеуге міндеттеледі. Оңтүстік Кореяда да қолданған қолданыс құралдарына қатысты ереже бар. Алайда ол экологиядан бұрын оқушылардың қауіпсіздігі үшін қабылданған.

Ким Он Ён, бастауыш мектептің дәрігері:

– Балаларға коронавирусқа қарсы жинақ беріледі. Оған залалсыздандырғыш майлықтар, санитайзерлер мен қапшықтар кіреді. Оқушылар қолданғаннан кейін майлықтар мен маскаларын сол қапшыққа салып барып қана қоқысқа тастайды.

 

Қытайда пластикке тыйым салынды

Ал Қытайдың экологияны жақсарту шараларына келсек, Хайнань провинциясында пластиктен жасалған бірреттік пакеттер мен ыдыстың өндірісіне, сатылымы мен қолданысына тыйым салынды. Ал олар экологиялық қауіпсіз пакеттер және ыдыстармен алмастырылады. Хайнаньда онымен айналысатын 7 бірдей кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Сөйтіп билік өңірді экологиялық таза аймаққа айналдыруға ниетті. Болашақта бұл тізімге пакет пен ыдыстан бөлек басқа заттар да кіргізу жоспарда бар. Биліктің бастамасы жергілікті жұрттың да көңілінен шыққан.

 

Киевте экоавтомат пайда болды

Украина астанасында ерекше экоавтомат пайда болды. Пластмасса құтыларды қабылдайтын аппарат қоршаған ортаны қорғауды ғана емес, көшедегі қаңғыбас ит пен мысықты тамақтандыру үшін де жасалған. Автомат әр өткізілген бос пластмасса құты үшін осы жануарларға арнап ыдысқа тамақ салып береді. Жаңа аппарат әсіресе балаларға ұнаған. Ал автомат иелері бұл жас жеткіншектердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға да септігін тигізеді деп отыр.

Руфат Раимов, вендинг автоматының иесі:

– Бұл – мәдениеттің жаңа түрі, өскелең ұрпаққа өнеге болатындай дүние. Ата-аналардың айтуынша, балалар үйде шөлмектерді жинап, осында әкелуге құштар. Осылайша жануарларды тамақтандырғысы келеді.

Сөйтіп мамандар адамзатқа экологиялық апат төніп тұрғанын еске салып отыр. Сондықтан көпреттік маскалар мен пакеттерге көшіп, құрамында пластигі бар заттарды дұрыс кәдеге жарату керектігін айтады. Қоршаған ортаны қорғауды әркім өзінен бастау керек дейді мамандар.

Хабар 24 телеарнасы