427,41 517.06 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«COVID-19-сыз саяхат»: ЕАЭО елдері арасында саяхаттау жеңілдейді

  • 152
  • UPD: 14:46, 05.12.2020

Енді Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында саяхаттау жеңілдей түспек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Армения, Беларусь және Ресей елдері коронавирус індеті кезінде Одақ ішіндегі шекараларды бюрократиялық кідіріссіз кесіп өтуге мүмкіндік беретін жаңа қосымшаны сынақтан сәтті өткізді. Жоба «COVID-19-сыз саяхат» деп аталады. Жақын арада бұл қосымша одақтың барлық бес елінің азаматтарына қолжетімді болады.

Давид Саргсян «COVID-19-сыз саяхат» деп аталатын пилоттық жобаға қатысып жатқандардың бірі. Армения азаматына айтылғандай, осы бір цифрлық қосымша аурудың таралу қаупін азайтып, мемлекетаралық деңгейде сенімді бақылау жүйесін қамтамасыз етуге септігін тигізетін көрінеді.

Давид Саргсянер, Ереван қаласының тұрғыны:

- Біз мұнда ковид тестін тапсыруға келдік. Оның нәтижесі дайын болған кезде мобильді қосымшаға бірден хабарлама келіп түседі. Сөйтіп, ешбір тестілеусіз, QR-код арқылы шекарадан өте аламыз.

Жалпы Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы осы пилоттық жобаға алғашқылардың бірі болып Армения, Ресей және Беларусь елдері қатысып жатыр. Айта кетейік, бұл мәселе аталған ұйымның үкіметаралық кеңес отырысында қаралған болатын.

Армен Мелкикян, банктің Армениядағы өкілдігінің директоры:

- Тестілеуден соң бұл қосымша Одаққа мүше елдердің бәріне таралады.

Жобаны жасаушы банктің өкілі Армен Мелкикян өз смартфоны арқылы жүйенің қалай жұмыс істейтінін де көрсетті.

Армен Мелкикян, банктің Армениядағы өкілдігінің директоры:

- Алдымен жөнелту елін көрсетуіміз керек. Ол – Армения. Ал келу елі – Ресей. Біз тестті тапсырып қойдық делік. Оны осы жерден тексеріп, қорытындысын көре аламыз.

Нунэ Бакунц, Аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі ұлттық орталығы бас директорының орынбасары:

- Бағдарлама өте қарапайым. Әр елде осы зерттеуді жүргізетін зертханалардың тізімі жасалады. Кейін әр зертхана өз зерттеуін жүргізіп болған соң қорытындысы QR-кодқа енгізіледі. Ол шекарадан өту кезінде көрсетілуі керек.

Коронавирусқа тексерудің теріс нәтижесін алған Дэвид Саргсянға енді өзімен бірге қағаз анықтаманы алып жүрудің қажеті жоқ. Тіркелу кезінде QR-кодты көрсетсе жеткілікті. Сөйтіп, емін-еркін шекара аса алады.

Давид Саргсян, Ереван қаласының тұрғыны:

- Өте ыңғайлы. Бұл қосымша жуырда бәріне қолжетімді болады деп сенемін.

QR-код енді Ресей шекарасына өтудің кілті. Ереваннан келген жолаушылардың артынан QR-кодты пайдаланған Беларусь азаматтары да «Шереметьево» халықаралық әуежайындағы шекара бекетінен аман-есен өтті. Жалпы «COVID-19-сыз саяхат» деп аталатын қосымша авторларының сөзінше, сынақ сәтті аяқталған. Енді алдағы уақытта бұл жүйеге коронавирусқа қарсы вакцинация мен медициналық сақтандыру туралы мәліметтер енгізілуі мүмкін. Ал оның Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде күнделікті қолданыста болып-болмауы үкіметаралық деңгейде қабылданатын болады.

Авторлары: Лаура Жусупбекова, Тигран Галстян, Давит Атаян

Хабар 24 телеарнасы