417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ресейде COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинация басталды

  • 290
  • UPD: 22:00, 07.12.2020

Ресейде коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау науқаны басталды.

Билік өкілдері жаңа жылға дейін халыққа екпе егуге кірісетінін бірнеше мәрте хабарлаған еді. Желтоқсанның төртінде Мәскеуде екпе жасайтын алғашқы орталықтар ашылды.

Бүгінде Мәскеуде «Спутник-V» вакцинасын егетін 70 орталық ашылды. Жылдың аяғына дейін олардың саны 170-ке дейін артады. Билік өкілдерінің есебінше, Мәскеудің өзінде 6-7 млн адамды вакцинациялау қажет. Тек сонда ұжымдық иммунитет қалыптасады.

– Әзірге екпе салғызбаймын. Өйткені ол клиникалық тексеруден өткен жоқ.

– Зияны жоқ екеніне нақты дәлел болмайынша, екпе салдырмаймын.

– Тиісті көлемде зерттеу жасалмағаны үрей тудырып отыр.

– Алдағы бір айда вакцина алуды көздеп отырмын.

Алдымен вакцина 60 жасқа жетпеген мұғалімдер, медицина қызметкерлеріне және  әлеуметтік саладағы мамандарға егіледі. Ал жасы 60-тан асқандарға, аяғы ауыр және балаларын емізетін әйелдерге екпе жасалмайды. Созылмалы сырқаттарға шалдыққан және респираторлық ауру белгілері байқалатын адамдар вакцинациядан тыс қалады.

Алексей Ежов, экономист, вакцина сынағына қатысушы:

– Маған вакцинаның бірінші компонентін салды. Алғашқы екпеден кейін сәл ауырсындым. Біз Қытай емеспіз. Циндао қаласындағыдай бізде бір күнде 7 млн адамды ПТР-тесттен өткізе алмайды. Ай сайын елімізде бірнеше миллион адамға вакцина егіледі деп ойлаймын.

Гамалеи орталығының директоры Александр Гинцбургтің айтуынша, желтоқсан айында вакцинаның 1,5 млн данасын шығару көзделіп отыр. Жалпы елге кем дегенде 40 млн данасы қажет. Жыл сайын осыншама адам тұмауға қарсы вакцина алады екен. Қазір Ресей өзге мемлекеттер аумағында да вакцинаны кең көлемде өндіруге талпынып жатыр. Вакцина өндірісін қаржыландыратын Ресей тікелей инвестициялар қоры, Үндістанда 100 млн дана вакцина шығару жөнінде келісім жасалғанын мәлімдеді.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы