419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оңтүстік Кореяда туристерге қойылған талаптар жеңілдеуі мүмкін

  • 140
  • UPD: 18:58, 09.12.2020

Індет жағдайында туризмді жандандырып, әуе рейстерінің санын қалай көбейтуге болады?

Бұл сұраққа Сеулдегі халықаралық семинарға қатысушылар жауап іздеді. Биылғы жылдың 7 айында ғана Оңтүстік Кореяның туризм саласына келген шығын 5 миллиард доллардан асты. Ал туристер, оның ішінде медициналық туристер, Оңтүстік Кореяға баруға жүрексініп отыр. Өйткені елге келгеннен кейін 2 апталық карантинге оқшауланады. Осы және басқа мәселелерді Үкімет қалай шешпек?

Владислав Цой, тілші:

- Кореяның Авиация мұражайы 2020 жылды «тарихтағы ең ауыр» деп айтатын болады. Расымен де, пандемия кезінде рейстер 97%-ке қысқарып, көптеген ұшқыштар мен әуе қызметкерлері ақылы және ақысыз демалысқа жіберілді.

Авиация мұражайына келушілердің қарасы көрінбейді. Сеул мен Кёнги провинциясында 2,5 метрлік әлеуметтік арақашықтық сақтау тәртібі енгізілді. Үкімет халықты мүмкіндігінше үйден шықпауға шақырды. Ал Азаматтық авиацияның мыңдаған қызметкерлері жұмыссыз қалды.

Ким Сан До, Корея Жер, инфрақұрылым және көлік министрінің орынбасары:

- Біз онға жуық шара қабылдадық. Негізінен бұл пайдаланатын әуежай жабдықтарын қысқарту, бажсыз дүкендер үшін жалдау ақысын төмендету бойынша шаралар. Үкіметтен бөлінген қаражаттың көмегімен авиакомпаниялар өз қызметкерлерін жұмыстан шығармай, демалысқа жібереді.

Індеттен сақтанған Кореяда елге сапарлап келгендер 2 аптаға карантинге жабылуы тиіс. Ал бұл өз кезегінде туристерді жүрексіндіруі мүмкін. Десе де мәселенің шешімін іздеген Үкімет эпидемиологиялық ахуалы тұрақты мемлекеттердің азаматтары үшін бұл талапты алып тастауға ниет білдіріп отыр.

Ким Сан До, Корея Жер, инфрақұрылым және көлік министрінің орынбасары:

- Travel buble бастамасы көптеген елде талқыланып жатыр. Мәселен, COVID-19-ды алдын алу шаралары Кореямен тең деңгейдегі ел үшін карантин мерзімі жеңілдетіледі. Бизнесмендер ғана емес, қарапайым туристердің емін-еркін жүруі үшін біз осындай шараларды қолға алмақпыз. Бірақ соңғы кезде Кореяда ауруды жұқтырғандар саны көбейіп кетті. Егер вакцинаның көмегімен науқасы саны азайып жатса, біз Travel buble идеясын алға тартамыз.

Коронавируспен күресте авиаторлар да өз үлесін қоспақ. Олар Кореядағы 52 миллион халықтың 44 миллионын коронавирустық вакцинамен тез әрі қауіпсіз қамтамасыз етуге көмектеседі. Вакцинаны минус 20-дан минус 70 градусқа дейінгі температурада тасымалдау керек. Ал ұшақтар белгілі мөлшерде құрғақ мұзды тасымалдай алады. Осы ретте Көлік министрлігі құрғақ мұзды тасымалдауды 3300-ден 11 мың килограмға дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Бұл бір жүк ұшағының 15 контейнер орнына 52 контейнер тасымалдауына мүмкіндік береді.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы