419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2021 жылы әлем елдері арасында вакцинаға талас басталуы мүмкін

  • 190
  • UPD: 22:30, 10.12.2020

Алдағы жылы қолданысқа енетін вакцина тек экономикасы  дамыған бақуатты елдерге ғана қолжетімді болмақ.

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, өндірілген вакцинаның басым бөлігін батыс елдері қазірдің өзінде сатып алып қойған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыған алаңдаулы. Әлемдік сарапшылардың айтуынша, 70 елге вакцина жетпей қалуы мүмкін.

Ал жаңа препаратты алдын ала сатып алып қойғандар кім?

Ақпарат көздері жер бетіндегі халықтың 14 процентіне ғана коронавирусқа қарсы екпе егілетін болады деп жарыса жазып жатыр. Дертке қарсы шығарылған препаратты ең көп Канада елі сатып алған екен. Онда әр тұрғынның кемінде 5 мәрте екпе қабылдауға мүмкіндігі бар екен.

 

2021 жылы вакцинаға талас басталуы мүмкін

Егер кей елдер тұрғындарын вакцинамен 100 емес 300 процентке қамтамасыз етсе, канадалық тұрғындарға жылына 5 мәрте екпе қабылдауға мүмкіндік бар. Мамандардың айтуынша, вакцина әзірлеген фармокологиялық компаниялар өндірісін бірнеше есе ұлғайтуы тиіс. Ал егер оған қауқарсыз болса, өндіру технологиясын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тапсыруды ұсынып отыр.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:

– Вакцинаға талас басталса, кедей елдер екпесіз қалуы мүмкін. Бұл – жаһандық дағдарыс. Мәселенің шешімін қазірден бастап табу керек. Әділдік болу керек. Теңсіздікке жол берілмеу керек.

 

Батыс елдері вакцинаны алдын ала көптеп сатып алған

Әлемнің бақуатты мемлекеттері коронавирусқа қарсы шығарылған вакцинаны миллиардтаған дозамен сатып алып жатыр. Олардың ішінде АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, Жапония мен Канада бар. Oxfam қайырымдылық одағының өкілі Анна Марриотт осының салдарынан  экономикалық әл-ауқаты төмен елдерге препараттың жетпей қалатынын айтып, дабыл қағуда. Яғни 2021 жылы миллиардтаған адам коронавирусқа қарсы екпені қабылдай алмайды деген сөз.

Анна Марриотт, Oxfam ұйымының өкілі:

– Алдағы жылы кей елдердегі эпидемиологиялық ахуал оңалады деп айту қиын. Халық тұрып жатқан елдің әл-ауқатына байланысты екпе қабылдай алмауы әділетсіз деп ойлаймын. Бұл мәселені қайта қарап, жағдайды өзгерту керек. Екпе қабылдауға әр адамның құқы бар.

Oxfam ұйымының мәліметі бойынша 2021 жылы кедей деп танылған 70 елдегі әр 10 адамның 9-ы коронавирусқа қарсы вакцина ала алмауы мүмкін.  Мәселен, Pfizer мен Moderna компаниясы шығарған дәрінің 90  проценттен астамы батыс елдеріне экспортталатын болды. Сұранысқа ие препараттың бағасы да шарықтап тұр. Сонымен қатар оны сақтау үшін арнайы температураны қатаң сақтай алу керек.

Анна Марриотт, Oxfam ұйымының өкілі:

– Әлем елдері бойынша қауіпті індеттен Бразилия мен Үндістанда ең көп адам шығыны тіркеліп отыр. Бұл елдерді вакцинамен қамтамасыз етпесе, орын алған жағдай тұрақталмайды. Керісінше одан бетер ушығып кетуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде аймақтағы денсаулық сақтау саласына ауыр соққы болады. Қазірдің өзінде дәрігерлер мен ауруханаларда орын тапшылығы байқалып отыр. Пандемияның салдарынан өзге дертке шалдыққан науқастар да тиісті емін қабылдай алмай отыр. ЖИТС-ке шалдыққан науқастар мен аяғы ауыр әйелдер білікті мамандардан көмек ала алмағандықтан, өмірмен қоштасып жатыр. Бұл – жаһандық проблема.

 

БҰҰ: Гуманитарлық дағдарысқа ұшыраған елдерге көмек көрсетілу керек

БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының басшысы Дэвид Бислидің айтуынша, бүгінде гуманитарлық дағдарысқа ұшырағандардың саны күн сайын артып барады. Ұйым өкілі жағдайды сәл де болса түзеу үшін шамамен 35 млрд доллар қаражат қажет екенін айтады. Ол кедей елдердің тұрғындары дамыған елдердің азаматтарымен қатарлас екпе қабылдау керек дегенді алға тартып отыр.

Дэвид Бисли, БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының басшысы:

– 2021 жыл кей елдер үшін вакцина мәселесі төңірегінде өте ауыр жыл болуы мүмкін. Тұрақсыздық, аштық пен миграция мәселесі шарықтау шегінде тұр. Ахуалды тұрақтандыру үшін қомақты қаражат керек. Бұдан әрі уақытты созбай, мәселені шұғыл шешу керек.

Біріккен Ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш те вакцина әлем елдеріне тең бөлінуі керек деп отыр. Әсіресе Африка елдеріндегі жағдайға алаңдаушылық білдірді. 

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

– Вакцина бәріне де қолжетімді болуы керек. Екпе қабылдауға Африка елдерінің мүмкіндігі аз. Олардың жағдайын да ойластыруымыз керек. Мәселен, Африка құрлығында індет өрши түссе, әлемде пандемиямен күрес қиынға соғатын болады. Сонымен қатар вакцинаға қол жеткізген әрбір азаматты екпе егуге шақырамын. Осылайша сіз өзіңізге ғана емес, қоғамға пайдаңызды тигізесіз. Әлемді жайлаған індетпен күресудің жалғыз жолы – осы.

 

COVAX Бағдарламасы Аясында Вакцина 92 Елге Жеткізіледі

Індет кең етек жайған қауіпті елдердің көбі вакцинациялау мен иммунизациялауға бағытталған халықаралық COVAX бағдарламасына үміт артып отыр. Әзірге бұл механизм аясында шамамен 700 млн доза вакцинаға алдын-ала тапсырыс берілді. Мамандар бұның өзі жеткіліксіз деп отыр. Мәселен, дәрі 92 елге тең бөліну керек. Посткеңестік елдердің ішінде Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Молдова елдерінің COVAX бағдарламасы бойынша вакцина алуға мүмкіндігі бар.

Хабар 24 телеарнасы